Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 — 2020 жылдарға арналған

МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

1. Бағдарламаның Паспорты

Бағдарламаның 
атауы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 — 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

   

Әзірлеу үшін негіз

«Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығы;

«Мемлекеттік бағдарламалар тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 957 Жарлығы

Бағдарламаны 
әзірлеуші

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Мақсаты

Экономиканың орнықты дамуы үшін сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы адами капиталды дамыту, білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру

Бағдарламалық мақсаттар

білім беру қызметіне тең қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағдарланған қаржыландыру жүйесін жетілдіру;

педагог мамандығының беделін көтеру;

білім беруді басқарудың мемлекеттік-қоғамдық жүйесін қалыптастыру;

білім беру процесінің барлық қатысушыларының үздік білім беру ресурстары мен технологияларына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету;

балаларды мектепке дейінгі сапалы тәрбиемен және оқытумен толық қамтуды, оларды мектепке даярлау үшін мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың әр түрлі бағдарламаларына тең қол жеткізуді қамтамасыз ету;

жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене бітімі және рухани дамыған азаматын қалыптастыру, тез өзгеретін әлемде оның табысты болуын қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттілігін қанағаттандыру, еліміздің экономикалық әл-ауқаты үшін бәсекеге қабілетті адами капиталды дамыту. 12 жылдық оқыту моделіне көшу;

қоғамның және экономиканың индустриялық-инновациялық даму сұраныстарына сәйкес техникалық және кәсіптік білім (бұдан әрі — ТжКБ) жүйесін жаңғырту, әлемдік білім беру кеңістігіне бірігу;

еңбек нарығының, еліміздің индустриялық-инновациялық даму міндеттері мен жеке тұлғаның қажеттіліктерін қанағаттандыратын және білім беру саласындағы үздік әлемдік тәжірибелерге сай келетін жоғары білім сапасының жоғары деңгейіне қол жеткізу;

өмір бойы білім алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

жастардың бойында белсенді азаматтық ұстанымды, әлеуметтік жауапкершілікті, отансүйгіштік сезімді, жоғары адамгершілік және көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру

Міндеттері

сапалы білімге қолжетімділікті арттыруға бағытталған білім беруді қаржыландырудың жаңа тетіктерін әзірлеу;

білім беру жүйесін жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету;

педагог қызметкерлердің еңбегін мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды күшейту;

білім берудегі менеджментті жетілдіру, оның ішінде корпоративтік басқару принциптерін енгізу, білім беруде мемлекеттік-жеке әріптестік жүйесін қалыптастыру;

білім беруді дамытудың мониторинг жүйесін жетілдіру, оның ішінде халықаралық талаптарды ескере отырып, ұлттық білім статистикасын құру;

оқу процесін автоматтандыруды енгізу үшін жағдай жасау;

мектепке дейінгі ұйымдардың желісін ұлғайту;

мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнын жаңарту;

мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарын кадрлармен қамтамасыз ету;

12 жылдық оқыту моделіне көшуді білім беру мазмұнын жаңғыртумен қоса жүзеге асыру;

шағын жинақталған мектептердің (бұдан әрі — ШЖМ) проблемаларын шешу;

мектептегі инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіру;

экономиканың индустриялық-инновациялық даму сұраныстарын ескере отырып, ТжКБ мазмұнының құрылымын жаңарту;

экономика салалары үшін кадрлар даярлаудың инфрақұрылымын дамыту;

ТжКБ-да оқудың беделін арттыру;

еліміздің индустриялық-инновациялық даму жобаларына сай келетін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрлармен қамтамасыз ету;

жоғары білімнің еуропалық аймағына бірігуді қамтамасыз ету;

білімнің, ғылымның және өндірістің бірігуін қамтамасыз ету, зияткерлік меншік пен технологиялардың өнімдерін коммерцияландыру үшін жағдай жасау. Жоғары білікті ғылыми және ғылыми — педагог кадрларды даярлау;

өмір бойы оқыту, баршаға білім алу үшін жағдай жасау;

жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу және олардың азаматтық белсенділігін, әлеуметтік жауапкершілігін және әлеуетін ашу тетіктерін қалыптастыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыру

Іске асыру
мерзімдері (кезеңдері)

2011 — 2020 жылдар

Бағдарлама екі кезеңде іске асырылатын болады:

бірінші кезең: 2011 — 2015 жылдар;

екінші кезең: 2016 — 2020 жылдар.

Нысаналы
индикаторлар

ШЖМ-нан басқа, барлық білім беру ұйымдарында жан басына шаққандағы қаржыландыру тетіктері енгізілген;

педагогтердің жалпы санынан жоғары және бірінші санаты бар біліктілігі жоғары педагог қызметкерлердің үлесі — 52 %;

білім беру ұйымдарының 60 %-ында қамқоршылық кеңестер құрылған;

білім беру ұйымдары басшыларының 100 %-ы менеджмент саласында біліктілігін арттырған және қайта даярлаудан өткен;

орта білім беру ұйымдарының 90 %-ында электрондық оқыту жүйесі пайдаланылады;

3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 100 %-ы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз етілген;

12 жылдық оқыту моделіне толық көшу жүзеге асырылған;

Қазақстанның барлық өңірлеріндегі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» жобасының шеңберіндегі мектептердің саны — 20;

жаратылыстану-математика пәндері бойынша білім беру оқу бағдарламаларын жетік меңгерген оқушылардың үлесі — 70 %;

қазақстандық жалпы білім беретін мектептер оқушыларының халықаралық салыстырмалы зерттеулердегі нәтижелері: оқушылардың білім жетістіктерін бағалау жөніндегі халықаралық бағдарлама (PISA) — 40-45 орын, 4 және 8-сынып оқушыларының математика және жаратылыстану саласындағы сауаттылығын бағалау (TIMSS) — 10-12 орын, «Оқу және мәтінді түсіну сапасын зерделеу» (PIRLS) — 10-15 орын;

мектептердің жалпы санына шаққанда инклюзивті білім беру үшін жағдайлар жасаған мектептердің үлесі — 70 %;

қатысушылардың жалпы санына шаққанда жұмыс берушілер қоғамдастығында біліктілікті тәуелсіз бағалаудан алғашқы реттен өткен ТжКБ бітірушілерінің үлесі — 80 %;

ТжКБ оқу орындарында мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алған түлектердің оқуды бітіргеннен кейінгі алғашқы жылы жұмыспен қамтылғандардың және жұмысқа орналасқандардың үлесі — 80 %;

ұлттық институционалды аккредиттеу рәсімінен өткен колледждердің үлесі — 30 %;

жұмыс берушілер қоғамдастығында біліктілікті тәуелсіз бағалаудан алғашқы реттен өткен жоғары оқу орындарын (бұдан әрі — ЖОО) бітірушілердің оған қатысқандардың жалпы санынан үлесі — 80 %;

жоғары оқу орындарында мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алған бітірушілердің 80 %-ы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін бір жыл ішінде мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан;

әлемнің үздік университеттері рейтингінде көрсетілген Қазақстанның жоғары оқу орындарының саны — 2;

халықаралық стандарттар бойынша тәуелсіз ұлттық институционалды аккредиттеуден өткен жоғары оқу орындарының үлесі — 65 %;

халықаралық стандарттар бойынша тәуелсіз ұлттық мамандандырылған аккредиттеуден өткен жоғары оқу орындарының үлесі — 30 %;

отандық ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізудің негізінде білім мен ғылымды біріктіру жолымен инновациялық қызметті жүзеге асыратын жоғары оқу орындарының үлесі — 5 %;

соңғы 5 жылда импакт-факторлы ғылыми журналдарда жарияланымдары жарық көрген профессор-оқытушы құрамының және ғылыми қызметкерлердің үлесі — 5 %;

барлық жастағы адамдар үшін білім берудің әртүрлі нысандары мен типтері енгізіледі;

жастардың жалпы санынан 55 %-ы жастар саясаты мен патриоттық тәрбие саласындағы іс-шараларды іске асыруға белсенді түрде қатысатын болады.

Қаржыландыру көздері мен көлемі

Бағдарламаның бірінші кезеңін республикалық бюджеттен қаржыландырудың қосымша көлемі 461,1 млрд. теңгені құрайды. Жергілікті бюджеттен қаржыландыру жыл сайын тиісті жергілікті бюджеттерден білім беру жүйесін дамытуға бөлінетін қаражат шеңберінде жүзеге асырылатын болады. 

Жүктеу Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 — 2020 жылдарға арналған