Бүгін облыс әкімі А. Көлгінов «Жайықжылуқуат» АҚ-да болып, мекеменің жұмысымен танысты.

Бүгін облыс әкімі А. Көлгінов «Жайықжылуқуат» АҚ-да болып, мекеменің жұмысымен танысты. Айта кетейік, биыл жылу қазандықтарын жаңғырту бойынша қала деңгейінде ауқымды шаралар жүргізілді. Облыс басшысының мәлімдеуінше, жаңғырту жұмыстары кезең кезеңімен жүзеге асатын болады. Қазір 1-ші және 5-ші жылу қазандықтары ағымдағы жөндеуден өтсе, алдағы жылы атқарылатын жұмыс өте көп. Мәселен, биыл жылыту құрылғылары мен қазандықтарын жаңғырту мақсатында 6 млрд.700 млн.теңге қаржы қарастырылған. Бұл соманың тең жартысын ҚР Үкіметі бөлсе, бір бөлігі жергілікті бюджет есебінен қарастырылған, ал қалған қаржыны Еуразиялық даму банкі беріп отыр. - Жаңғырту жұмыстары 3 кезеңде жүзеге асатын болады. Алдымен ескі жылу қазандықтарын жаңасымен ауыстырамыз. Қазір қолданыстағы қазандықтардың басым бөлігі 60-шы жылдары пайдалануға берілген. Тозығы жеткен. Сондықтан бұл мәселеге шұғыл жəне жауапкершілікпен кірісу керек. Бұл тиімділікті күшейтеді, шығынды азайтады, тәуекелді жояды. Газтурбиналық қондырғыларды жаңғырту бойынша да жұмыстар атқарамыз. Арнайы Жапония елінен тапсырыс берген құрылғылар Оралға келді. Енді техника саласының мамандары зерттеулер жүргізуде. Сондай-ақ Жайық өзенінен тартылатын суды тазартатын құрал-жабдықтарды да алатын боламыз, - деді облыс әкімі.
Биыл жылыту маусымы жылдағыдан ерте басталды. Қазірдің өзінде қаладағы барлық әлеуметтік нысандар мен 700-ден аса тұрғын үйге жылу берілді. Алдағы 2-3 күнде барлық тұрғын үй жылыту маусымына қосылады деп күтілуде. 
Айта кету керек, облыс әкімі А.Көлгінов тұрғындардың «Жайықжылуқуат» АҚ-ның алдындағы қомақты қарызын да тілге тиек етті. Мәселен, қала азаматтарының мекеме алдындағы қарызы 500 млн.теңгеден жоғары болса, қазір бұл сома едәуір азайған. Сондай-ақ «Қазтрансгаз» алдындағы қарыз да 900 млн.теңгеден 180 млн.теңгеге төмендеді. Бұл нәтижеге сот шешімі мен жеке сот орындаушыларының жұмысы арқылы ғана қол жетіп отыр.


04.10.2017 11:00

Сақтап алу: