Халыққа есеп беру кездесуі 2014

Орал қаласы әкімінің халыққа есеп беру кездесуі

Қазақстан Орал ТРК видеорепортажы

2014 жылдың 5 ақпаны, Деркөл

2014 жылдың 7 ақпаны, БҚМУ

2014 жылдың 12 ақпаны, Жастар мәдинет үйі

Бұған дейін Деркөл мәдениет үйінде, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да жалғасын тапқан Орал қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің тұрғындармен есептік кездесуі 12 ақпан күні Жастар мәдениет үйінде түйінделді.

Естеріңізге салсақ, 14-16 қаңтар күндері аралығында Круглоозерный, Зачаганск кенттері мен Желаев селолық округінде елдімекендері әкімдерінің қала басшысының қатысуымен есептік кездесулері өтті. 

Жиын соңында бұған дейін Оралда атқарылған нәтижелі істерді бағамдап, тұрғындардың ой-пікірін ден қоя тыңдаған облыс басшысы қала әкімінің жұмысына оң баға берді.

Алдымен тұрғындар назарына Орал шаһарының бүгінгі тыныс-тіршілігі, атқарылған оңды істер жайындағы бейнебаян залдағы төрт-бес телеэкраннан ұсынылды.

Қала әкімі А.Көлгінов есептік баяндамасын ұлы ғұлама Әл-Фарабидің «Мақсат жолында бірлігі мен тірлігі жарасқан шаһар халқы ғана бақытқа кенеледі. Шынайы бақыт жолында ынтымақтастық жолы ерекше» деген даналық сөзімен бастады. – Әл-Фарабидің он ғасыр бұрынғы осы сөзі әлі күнге дейін өз маңыздылығын жоғалтпақ емес. Бүгінгі жиында өткенді таразылап, болашаққа бағдар жасаймыз. Қала дамуының жаңа парағын ашып, жаңа кезеңге қадам басқалы тұрмыз. Бүгінгі бір күндік басқосуымыз көпкүндік келешегімізді айқындайды, – деген Алтай Сейдірұлы Елбасының биылғы Жолдауында отыз дамыған елдің қатарына ену жолдары қамтылғанына баса назар аударды. Әлемдік отыздықтан орын алу – зор жауапкершілік пен мол еңбекті талап ететін тарихи миссия екеніне мән берді. Бұдан әрі шаһар басшысы қалада өткен жылы атқарылған ауқымды жұмыстарға шолу жасады.

Оралда 2013 жылы өнеркәсіп, өндіріс, ауыл шаруашығы, мәдениет, білім мен денсаулық сақтау саласында орын алған оңды өзгерістер аз емес. Сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау, жұмыссыздықты азайту, халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар аясында да атқарылған жұмыстар қомақты.

– Сайлауалды тұғырнаманы жүзеге асыру мақсатында «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы белсенді жұмыс атқаруда. Қалалық филиалдың қатарында 6000-нан астам мүшесі, 101 бастауыш ұйым бар, – дей келе, қала әкімі Алтай Көлгінов партияның қоғамды үйлестіруші және Елбасының мемлекеттік бағытын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін басты саяси партия екенін мәлімдеді. Сонымен қатар шаһар басшысы өз баяндамасында қоғамдық ұйымдармен жұмыс, діни мерекелердің өз деңгейінде аталып өтілуі, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, қаланы абаттандыру, жолдарды жөндеу сынды мәселелерді де назардан тыс қалдырмады.

Есептік жиын барысында үстіміздегі жылы тындырылатын игі-істер мен түйткілді мәселелерге де басымдық берілді. Қала ішіндегі жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, инженерлік желілерді ауыстыру сынды бұған дейін де жүргізілген жұмыстар үстіміздегі жылы жалғасын табады. Сондай-ақ биыл №7 орта мектепті, Круглоозерный мектебін (2-кезең), №6 «Шолпан» МдҰ-ын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ қалалық мәдениет және демалыс саябағындағы Шаған өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысын аяқтау және арғы жағалауын абаттандыру жұмыстары қолға алынады. Ал жолдардың қанағаттанарлықсыз жағдайы, жол-көлік оқиғаларының жиі орын алуы, сапасы сын көтермейтін әлеуметтік нысандар, апатты үйлердің бүгінгі жай-күйі билік өкілдерін де алаңдатуда. Алтай Сейдірұлы алдағы уақытта осы түйінді мәселелердің шешімін табу жолдары қарастырылатынын жеткізді. – Биылғы жылы бізді көлемді жұмыстар мен зор міндеттер күтіп тұр. Біз үшін шаһардың әр тұрғынының пікірі қымбат және белсенділігі қажет. Ақ Жайықтың жағасындағы шаһарды гүлдендіру – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деп сөзін тәмамдады Алтай Сейдірұлы. Бұдан әрі қала басшысы алдын-ала жәшіктерге келіп түскен және тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Оралда саяси және қоғамдық жағдайдың тұрақтылығын, әлеуметтік-экономикалық өсудің оң динамикасы бар екенін мәлімдеді. – Қала әкімі барлық атқарылған істерді баяндай отырып, алдағы жұмыстар туралы да толыққанды мағлұмат берді. Бұл істердің барлығы Елбасы тапсырмасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі жүзеге асуының нәтижесінде жасалған жұмыстар. Келешекте Орал қаласы одан әрі көркейіп, еліміздегі ең әдемі шаһарлардың бірі боларына сеніміз мол. Сондықтан барлығымыз бірігіп, қызмет атқарайық, – дей келе, өңір басшысы Нұрлан Асқарұлы қала әкімінің өткен жылғы жұмысын оң бағалады.

Сондай-ақ залдан қойылған жұртшылық сауалына тоқталып, өз жауабын берген облыс әкімі Н.Ноғаев тұрғындар өз кезегінде билікті қолдаса, мемлекеттік билік өкілдері де халықтың талап-тілегін ескере жүреріне сенім білдірді.

Ләззат Қажымова, Айнұр Құрмашева
Суреттерді түсірген, Александр Куприенко