Орал қаласы әкімі

Н.Төреғалиевтің

Орал қалалық әкімдігінің кіші мәжіліс залында өтетін

Орал қалалық ардагерлер ұйымы Кеңесінің отырысында

 сөйлейтін сөзінің желісі

 

Құрметті Орал қалалық ардагерлер Кеңесі Төралқасының мүшелері, Орал қалалық ардагерлер ұйымының Кеңесі мүшелері,  Орал қалалық ардагерлер бастауыш ұйымының Төрағалары және бүгінгі салтанатты отырысқа қатысушылар!

Сіздерді Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен  құттықтаймын!

Тәуелсіздік күні - ғасырлар бойы азаттық аңсаған халқымыздың өшкені жанып, ең асқақ арманы орындалған күн. Тәуелсіздікке ұмтылыс қашан да кедергі мен күреске толы болғаны әмбеге аян. Осы ауыр жолда тағдырдың талай сынағына төтеп беріп, бостандық үшін күреске бар ғұмырын  арнаған боздақтардың жанкешті еңбегі мен ерен ерлігін еске алатын қастерлі мереке.

Біз өткенімізге құрметпен қарап, болашағымызға сеніммен көз тіккен халықпыз. Әлемдік қауымдастықтың ажырамас бөлшегі ретінде тәуелсіз ел атану тек биік мәртебе ғана емес, сонымен қатар орасан зор жауапкершілік жүгін артатындығын да біз жақсы түсінеміз. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті. Тәуелсіздіктің арқасында қоғамдық-саяси өмірде, экономикада түбегейлі реформалар жасалды. Елбасымыз - дүниежүзілік саяси ауқымдағы тұлғалардың бірегейі. Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген басшылығымен бүгінде Қазақстан қатардағы елден аймақтағы көшбасшы мемлекетке айналды. Өзгелермен терезесі тең сөйлесетін зайырлы, құқықтық-демократиялық іргетасы берік мемлекеттер шоғырына қосылдық. Осы тәуелсіздіктің арқасында Қазақстан халықаралық ареналарда  зор жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Соның бір айғағы - еліміз Европа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммитін, қысқы Азия ойындарын, бүкіләлемдік мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесін, қысқы универсиаданы өткізу құқығына қол жеткізді. Бұл Қазақстанның экономикалық қуатын, жаһан алдындағы абыройының айқын көрінісі екендігі сөзсіз.

Тәуелсіздік жылдары Орал қаласында да орын алған оң өзгерістер аз емес. Жыл сайын жаңадан емдеу мекемелері, мектептер мен балабақшалар, өзге де әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Жолдар мен инженерлік желілер жөнделіп, аулалар абаттандырылуда.

Осындай игі істер 2016 жылы да жалғасын тапты. Облыс орталығының инфрақұрылымын дамытуға, шағын және орта бизнесті өркендетуге, әлеуметтік және тұрғын үй саласын жетілдіруге, инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталған бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасында көрсетілген міндеттерді жүзеге асырудан туындайды. Халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту – атқарушы биліктің алдындағы басты міндет болып табылады.

«Қарттарымыз-асыл қазынамыз» демекші үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету ата-бабадан келе жатқан салтымыз!

Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл кеңестеріңіз біз үшін өте құнды. Сіздердің әрқайсыларыңыздың қаланың дамуына қосқан еңбектеріңіз ерен. Сіздер талай мықты жастарды тәрбиелеп, ізбасарларыңызды өсірдіңіздер!

Бүгін, еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта қоғамдық жұмыстарға қатысып, жастарға үлгі болып, оларды тәрбиелеп жатырсыздар. Осы сәтті пайдаланып,сіздердің алдарыңызда басымды иемін! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Аман жүріңіздер!

Қадірлі ардагерлер!

Ата-бабамыз сан ғасырлар аңсап кеткен Тәуелсіздіктің біз үшін орны қашан да бөлек. Сондықтан да батыр бабаларымыздың әр жылдары төгілген қанының, ұлы мұраттар жолында құрбан болған асыл азаматтарымыздың асқақ армандарының арқасында қол жеткізген Тәуелсіздікті біз әрқашан мақтан тұтып, қастерлей білуге тиістіміз. Бұл біздің азаматтық парызымыз.

Тәуелсіздігімізді тұғырландырып, мемлекеттілігімізді нығайтудағы қажырлы еңбектеріңіз үшін алғыс айта отырып, баршаңызды Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Барша шаңырақ баянды бақ-дәулетке кенеліп, елімізде ынтымақ салтанат құрып, ырысымыз ортаймасын!

Ұлы арманымыз орындалған, бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осы салтанатты күні сіздерге мықты денсаулық, игілік пен бақыт, береке тілеймін.

Қазақстанның тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаларыңыз сәтті болсын!

Мерекелеріңіз құтты болсын!


21.12.2016 12:07