Орал қаласы әкімі

Н.Төреғалиевтің

Орал қалалық әкімдігінің кіші мәжіліс залында өтетін

Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды марапаттау салтанатында

 сөйлейтін сөзінің желісі

15.12.2016 жыл.

 

Құрметті Желтоқсан оқиғасына қатысушы тұлғалар, бүгінгі салтанатты жиналысқа қатысушылар!

Сіздерді Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен  құттықтаймын!

1986 жылғы желтоқсанның 17-18 жұлдызында бүкiл елдi дүр сiлкiндiрген ғаламат көтеріліс болды. Елеңдеген ел түсiне алмай дал болды. Демонстрация, алды - артымызды бағамдағанша, ес жиып ой қорытқанша болмай, аяусыз басылды. Артынша бұл оқиға 1825 жылғы орыс декабристерiнiң iс - қимылымен салыстырылып, желтоқсан қаһармандары "қазақ декабристерi” аталып, бiрден-бiрге айбыны асқақтай түстi. ”Жалын атқан жастар арандап қалды-ау” деп жанашырлық ниет-пейiл бiлдiргендер де болмай қалған жоқ. Бiрақ ол сөздер ашық айтылмай, "аузы күйген үрiп iшедiнiң” кебi келiп, жасырын үрке қарап, бiрлі - жарлы адамдардың басы қосылып шүйiркелескенде, сыр шертiскенде ғана айтылып жүрдi. Жалпы үрей, қорқыныш билеген жұрт сең соққандай күйде едi. 
Ақыры оқиға кезінде әр ұлттың өкілдерінен тұратын 2401 адам ұсталды. Желтоқсан оқиғасы бойынша тергеу барысында 99 адам сотталды, 264 адам жоғары оқу орындарынан, 758 адам комсомолдан шығарылды. 52 адам КОКП қатарынан шығарылды. Ішкі істер министрлігінен 1200 адам, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінен 309 адам жұмыстан босатылды, жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды. Алматы сәулет-құрылыс институтының бұрынғы студенті Қайрат Рысқұлбеков түрмеде қаза тапты. Студент қыз Ләззат Асанова жұмбақ жағдайда көз жұмды.

Қазіргі таңда 16-17 желтоқсанды тәуелсіздік мейрамы етіп жариялады. Сондықтан 16 желтоқсанның қасыретті күн екендігін жадымызда сақтап, әрі Тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы талпыныстардың ақталған күні екендігін сезінуіміз қажет. Бұл күні қара жамылып отыру орынсыз. Сол себепті де әрі арманға қол жеткізген күн деп шаттық ретінде атап өтіп, екінші жағынан Желтоқсан құрбандарына да тағзым ете жүруіміз керек. 
Біздің арымыз да, намысымыз да, мақтанышымыз да – Желтоқсан.

Желтоқсан құрбаны Қайрат Рысқұлбековке 1996 жылы «Халық қаһарманы» атағы берілді. Алматы қаласында орталық алаңға Желтоқсан көтерілісінің құрметіне Тәуелсізді таңы деп аталатын ескерткіш орнатылды. 1990 жылы 1986 жылы желтоқсан оқиғасына қатысқандар Желтоқсан партиясын құрды. Н.Ә.Назарбаев  «1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Қазақстандағы оқиғаға қатысқаны үшін жауапқа тартылған азаматтарды ақтау жөнінде» 1991 ж. 12 желтоқсанда Жарлық шығарды.

«Биыл ел Тәуелсіздігіне 25 жыл, тарихи тұрғыдан бұл қысқа кезең, бірақ Қазақстан үшін бұл тарихи кезең. Елбасымыз айтқандай, бұл жылдың маңызды оқиғасы. Еліміздің барлық жетістіктерін ұғынып, болашаққа жоспар жасауымыз керек».

«Мемлекет басшысы «Мәңгілік елге» айналу жолында мықты мемлекет құрып, әлемнің өркениеті озған 30 елінің қатарына қосылу мақсатын қойды. Мереке қарсаңында Желтоқсан оқиғаларының қатысушыларына естелік медальдар табыс ету - мен үшін және менің әріптестерім үшін үлкен құрмет. Ұлы арманымыз орындалған, бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осы салтанатты күні сіздерге мықты денсаулық, игілік пен бақыт, береке тілеймін.

Қазақстанның тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаларыңыз сәтті болсын!

Мерекелеріңіз құтты болсын! 


21.12.2016 11:51