Кездесу барысында кент әкімі 2017 жылдың қорытындылары туралы және биылғы жылға жоспарлар жөнінде баяндады. Зачаган кентінде қазіргі уақытта 50 422 адам тұруда және кент халқының саны жылдан жылға өсуде. Осы орайда кенттің әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымын дамыту үшін ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы 5 жылдың ішінде мемлекеттік бағдарламалар аясында кенттің жаңа ауданында 31 көпқабатты тұрғын үй бой көтерді. Қазіргі таңда тағыда 6 үйдің құрылысы жүргізілуде. Өткен жылы кенттегі жалпы ұзындығы 12,8 км. жолдар және 8,5 км. жаяу жүргіншілер жолдары жөнделген болатын. Соның ішінде қала үшін өте маңызды Жәңгір хан көшесі, сонымен қатар Әзірбайжан, Линейная көшелері, Автомобилист шағын ауданындағы көшелер жөндеуден өткізілді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде 3 үй жөнделіп, кент аумағында 3 спорттық және балалар ойын алаңы салынды, соның ішінде 2-еуі «Самұрық Қазына Траст» компаниясымен. Тұрғындар, мекемелер және ПИК күшімен 2372 ағаш отырғызылды. Кент кәсіпкерлерімен «Мектепке жол» акциясы шеңберінде 107 балаға және 11 аз қамтылған отбасыларға барлығы 949 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді.
Кездесу барысында кент тұрғындары кентті дамыту және абаттандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар тұрғындар кент ішіндегі жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, қоғамдық көліктің маршрутын ауыстыру бойынша ұсыныстар білдірді. Қала әкімі Мұрат МҰҚАЕВ тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, барлық ұсыныстар қаланың стратегиялық даму бағдарламасына сәйкес кешенді түрде жүргізілетінін айтты.