Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков қаладағы бірқатар кәсіпорындардың жұмыс барысымен таныс болды.

Ең алдымен қала әкімі Круглоозерный кентіндегі «Клад» шаруа қожалығы басында болды.«Клад» шаруа қожалығы 2003 жылы құрылған. Көкөніс шаруашылығымен айналысатын бұл қожалық 2018 жылы 13,84 га алқаптан өнімділігі 150 ц / га болатын 251 тонна бақша дақылдарын жинаса, биыл 10,5 га алқапқа көкөніс отырғызып, жемісін күтуде. Оған қоса шаруа қожалық меншігінде ауданы шамамен 11,5 мың м2 құрайтын көкөніс жылыжайы бар. Бұл кешенде қияр, қызанақ, бұрыш өнімі өсіріледі. Алғашқы айналым қорытындысы бойынша 51,6 тонна өнім жиналған. Аталмыш қожалық мемлекеттің қолдауы нәтижесінде жылыжай көлемін жыл сайын ұлғайтуда.

Шаһар басшысы сапарын «Орал құс фабрикасы» ЖШС-де жалғастырды. Кәсіпорын тауық жұмыртқасы, құс еті, тартылған құс еті өнімдерін шығарумен айналысады. Компанияның директоры Степан Сергеевичтің айтуынша, кәсіпорында 110 адам жұмыс істейді. Кәсіпорында жылына 70 миллион дана жұмыртқа өндіріліп, республикамыздағы алыс, жақын қалаларға саудалануда.

«Шамшырақ» АШӨК-ның бір уақытта 1000 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңы да Абат Шыныбековтың назарынан тыс қалған жоқ. Ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің басшысы Айгүл Қазыбайқызы жобаға 250 млн. теңгеден астам инвестиция салынғанын айтты. Облыс орталығында орналасқан бұл ауыл шаруашылық құрылымы шаһар аумағында модульді мал сою цехін салды. Сою цехының өнімділігі күніне 100 бас ірі қараға немесе 1000 бас ұсақ малға есептелген. Сондай-ақ, кооператив аумағында болашақ ауыл шаруашылық мамандарын даярлайтын оқу-өндірістік орталық жұмыс жасайтын болады.

Бұдан соң шаһар басшысы «Орал Жылыжай Комбинаты» ЖШС-нің құрылыс нысаны барысында болып қайтты.

«Орал жылыжай зауыты» ЖШС 5,6 га алаңда жылыжай кешенінің құрылысының дайындық жұмыстарын жүргізуде. Жлыжай кешені соңғы үлгідегі жүйелермен жабдықталатын болады. Олардың ішінде автоматтандырылған тамшылатып суару, гидропоника, жарықтандыру, тұмандату жүйелері және тағы басқалары бар. Өндіріс желілері толықтай компютерленіп, барлық параметрлер интернет желісіне қосулы болады. Бұл өнімнің өсіп-өну процессін үнемі бақылауда ұстау мүмкіндігін туғызады.Өз кезегінде Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков өнеркәсіп орындарының жұмыстарына оң баға беріп, қай істі болмасын жоғары жауапкершілікпен атқару керек екенін тілге тиек етті.