Білім ошағының ашылу салтанатына облыс əкімі А.Көлгінов қатысты. 600 балаға арнап салынған мектептің құрылысы өткен жылы басталған болатын. 
Мектепте барлығы - 56 оқу кабинеті бар. Оның 4-уі мулътимедиялық, 4-уі информатика кабинеттері болса, физика, биология, химия пəні кабинеттері арнайы зертханалармен жабдықталған. Кітапхана, акт залы мен спорт залдары, асхана да оқушылардың алаңсыз оқуына толықтай мүмкіндік береді. Сондай-ақ оқушыларды жан-жақты тәрбиелеу мақсатында арнайы 2 оқу шеберханасы да жасақталған.
Жиналған қауымды айтулы шарамен құттықтаған облыс əкімі Елбасының биылғы Жолдауында білім беру саласына ерекше көңіл бөлінгендігіне тоқталды.
- Осындай мектеп ғимаратының салынуы - ең алдымен мемлекеттің зор қолдауының нəтижесі. "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша облыста мектеп құрылысы үшін 3,5 млрд теңге бөлініп, барлығы 2400 балаға арналған 4 мектеп құрылысы қолға алынған еді. Соның бірін бүгін салтанатты жағдайда ашып отырмыз. Биыл Елбасы өзінің халыққа Жолдауында білім беру саласына ерекше тоқталды. Соның ішінде жаңартылған бағдарлама бойынша оқудан өткен мұғалімдердің жалақысын 30-50%-ға өсіру туралы айтты. Біздер де өз тарапымыздан мұғалімдердің біліктілігін арттыру мəселесіне мəн береміз. Сондай-ақ мектептердің техникалық қамсыздандырылуы да ұдайы назарда. Облыс бойынша ауылдарда 223 шағын жинақталған мектеп бар. Биыл оларды сапалы электронды контентпен қамтитын боламыз. Бұл өз кезегінде қала мен ауыл мектебінің арасындағы айырмашылықты азайтуға септігін тигізеді. Білімді ұрпақ - елдің болашағы. Тәуелсіздігімізді нығайтып, алға жетелейтін бүгінгі оқушылар. Сондықтан мемлекет олардың сапалы білім алуына барлық мүмкіндікті жасап отыр, - деді.
Айта кету керек, биыл Ақжайық, Бөрлі, Казталов аудандарында да білім ошағының құрылысы жүруде. Жыл сайын мектеп оқушыларының саны да артып келеді. Мәселен, қазіргі таңда облыс бойынша оқушылардың саны 48 мыңнан асса, оның 2900-ы тек соңғы бір ғана оқу жылында қосылған.
_
Источник: @batys_kz

https://www.instagram.com/batys_kz/Фото: Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ