Оралдағы №50 мектептің құрылысы аяқталуға жақын 
Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов шаһардағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, олардың қарқынымен танысты. Өңір басшысы жұмыс сапарын Сарытау шағын ауданындағы мектептің құрылысын қараудан бастады.
Айта кетейік, Орал қаласы Зашаған кенті Сарытау шағын ауданындағы 900 орындық мектеп құрылысына Ұлттық қордан 1 888,144 млн. теңге қаржы бөлінген болатын. Бүгінде құрылыс жұмыстарын «Жиенбай» ЖШС жүргізуде. Аталған мектепті ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарлануда.
Мердігер компания басшысының айтуынша, мектеп 27 қыркүйек күні пайдалануға беріледі. Облыс әкімі құрылысты уақытында әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Жалпы бүгінгі таңда Орал қаласында 50 мектеп жұмыс жасаса, соның төртеуі соңғы бес жыл ішінде пайдалануға берілді. Соңғы жылдары Зашаған кентінде тұрғын үйлердің көптеп салынуы себепті халық саны күрт өсуде. Күні бүгінге дейін кент аумағында төрт мектеп қалыпты жұмыс жасауда. №10, 47, 30, 20 мектептерде 6896 оқушы білім алады. Алғашқы аталған екі мектепте оқушылар үш ауысыммен оқытылады.
Қалалық құрылыс бөлімі берген мәліметке сүйенсек, алдағы уақытта бұл ауданнан 75, 80, 90, 130 пәтерлі 37 көп қабатты тұрғын үй бой көтермек. Сол себепті кенттегі тұрғындар саны жыл санап арта бермек.
Сарытау шағын ауданындағы №50 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген жағдайда 0-11 сынып аралығындағы 31 сынып ашылып, 648 оқушыны қамтитын болады. Сондай-ақ мектеп жанынан әр қайсысы 50 бүлдіршінді қамтитын екі шағын орталық ашылмақ. Мектепте 74 жаңа жұмыс орыны ашылады.
Сол аумақтағы №10 мектептен жаңа мектепке 592 оқушы көшірілмек. Бүгінгі таңда Сарытау шағын ауданында тұратын 15 оқушы №47 мектепте, 37 оқушы №20 мектепте, 8 оқушы №30 мектепте білім алып жүр.