Есепті жиынға облыс əкімі Алтай Көлгіновте қатысты.

Жиынға қатысқан 600-ге жуық тұрғынның 29-ы сөз сөйлеп, 38 ұсыныстарын жеткізді. Тұрғындардан көбінесе тұрғын үй, жер, абаттандыру мәселелері бойынша сұрақтар келіп түсті.  

Қала басшысы өткен жылы құрылыс саласында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.

2017 жылдан бастап Орал қаласы бойынша 17 көп пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде (2433 пәтер, жалпы пәтер алаңы – 143,7 мың шаршы метр), оның 9 үйі пайдалануға тапсырылып, 8 үй бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда.
Өткен жылы құрылыс саласына 7,2 млрд.теңге бөлінді, бұл 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 18%-ға көбейгенін көрсетіп отыр (алдыңғы жылы 6,1 млрд.тенге бөлінген болатын).

Жыл қорытындысы бойынша 7 үй тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары үшін, және 180 пәтерлік үй Зашаған кентінен кезекте тұрғандарға берілді (№6 дақ). Қалған тұрғын үйлер 2018 жылда берілетін болады.

 Апатты жағдайда тұрған тұрғын үйлердің санын азайту үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында көптеген жұмыстар жүруде. 

Соңғы 5 жылда қалада 3 мектеп салынса, тек осы оқу жылында 2400 орындық 4 мектеп ашу жоспарда.

2017 жылдың аяғында қалалық №4 орта мектептің ескі қабырғасы толықтай бұзылып, орнына жаңа ғимарат тұрғызылды. Ал үстіміздегі жылдың қаңтар айында Деркөлдегі ПДП-2-де 600 орындық мектеп ашылды. Сондай-ақ 2017 жылдың ішінде 5 білім ұйымы күрделі жөндеуден өтті .

Халық алдында есеп берген қала әкімі Мұрат Мұқаев алдағы жоспарлармен бөлісті.

 2582 пәтерді құрайтын 17 үй бойынша жобалық сметалық құжаттама жасақталды, оның ішінде 10 үй – Зашаган кентінде. Аталған үйлердің құрылысы 2018-2019 жылдарға жоспарланған. Бүгінгі күні үйлердің құрылысына 8 млрд.теңге қаражат қарастырылды.

Сондай-ақ "Нұрлы жер" бағдарламасы шеңберінде Зачаган кентінде жалпы ауданы 81 мың шаршы метр құрайтын 10 тұрғын үй (1566 пәтер) бой көтермек. Осындай жоспармен Зашаган кентіндегі үйлер құрылысы аяқталып, аумақты абаттандыру жұмыстары басталады.

Орал қаласы екі бағытта дамуда. Соның бірі солтүстік-шығыс жағы. Жобаға сәйкес аталған аудан 109 гектарды құрайтын болады. Осы ауданында 27 көп қабатты тұрғын үйлер, 1 мектеп пен 1 балабақша, сонымен бірге, дене-шынықтыру сауықтыру кешенінің және бассейннің құрылыстары жоспарланған.