17 шілде Орал қаласында медицина қызметкерлері арасында шағын футболдан лига басталды. Теңбіл доп додасына Орал қаласының 7 мекемелерімен (Обл-қ көпбейінді аурухана, Обл-қ кардиологиялық диспансер, обл-қ СЭС, қала-қ жедел жәрдем, қала-қ көпбейінді аурухана, World медицина фарм компаниясы, қала-қ №5 емхана) қоса, Ақсай медицина орталығы және Ақжайық аудандық ауруханасы қатысып жатыр. Аталған жарыстың басты мақсаты - қала тұрғындарын спортпен айналысуға үгіттеу, шақыру. Сонымен қатар, бұқаралық және қолжетімді спорт түрлерінің бірі, футболды насихаттау.

Шағын футбол лигасының салтанатты ашылуына Орал қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Артур Шергалиев келіп, қатысушыларға ыстық ықыласын білдірді. Сонымен қатар, БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Мұқанов пен БҚО футбол ассоциациясының президенті Александр Любимкин де қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйледі. «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы Республикалық қоғамдық бірлестігінің БҚОФ-ның төрағасы Махамбет Құсайынов та ойыншылардың қуаныштарымен бөлісті. Шара барысында дәрігерлер арасында футболдан әлем чемпионы – Дәурен Құсмағамбетов, футзалдан 2018-2019 жж. маусымының БҚО чемпиондары Бекзат Хайрушев пен Данияр Зұбайров Орал қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі және БҚО денсаулық сақтау басқармасы атынан алғыс хат және медальдармен марапатталды. 2 айналыммен өтетін лига 10 тамызға дейін созылады.