Қымбатты аналар, арулар!
Сіздерді жыл мезгілінің ең ғажайып кезеңі, көктемнің шұғылалы шуақты мерекесімен құттықтаймын!
Бұл күн асыл ананы, сүйікті жарды, қадірлі қарындасты мейірімге бөлейтін ерекше мереке. Біздің қазіргі қоғамда әйел тек отбасының береке-бірлігін сақтаушы ғана емес, елдің дамуына атсалысатын белсенді қоғам мүшесі. Елімізде әйелдердің әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша маңыз беріледі. Елбасымыз көпбалалы аналарға қолдау көрсету мәселесіне үлкен көңіл бөлуде. Жақында «Нұр Отан» партиясының съезінде де осы мәселеге назар аударды және мемлекеттен арнайы көмектер ұйымдастыруды, қолдау көрсетуді тапсырды.
Тарихымызда бір отбасыға ғана емес, тұтас елге үлгі-өнеге көрсеткен ардақты аналарымыз бен батыр аруларымыз болған. Бүгінде ақ жаулықты аналарымыз, намысты аруларымыз қоғамның сан түрлі саласында елге адал қызмет етіп жүр. «Ананың қалауын орындаған, ананың ақ тілек батасын алған ұл-қызының ісі оң болады» дейді халық даналығы. Келе жатқан мерекелеріңіз құтты болсын, өмірлеріңіз қуанышқа толсын!
Игі тілекпен, Орал қаласы әкімі Мұрат Мұқаев