Оралда биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 170 отбасы баспаналы болмақ.

Соның 80-і көпбалалы отбасы болса, қалғаны толық емес және мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар. Бағдарламаға пәтер кезегінде тұрған 3 санаттағы азаматтар қатыса алады. Олар көпбалалы, толық емес және мүгедек баланы тәрбиелеуші отбасылар. Бағдарлама көмегімен баспаналы болуға үмітті жандардың бірі - Айнагүл Оразалиева. Бес баланың анасы бірер жыл бұрын Ақжайық ауданынан көшіп келіпті. Отағасы колледждердің бірінде электрик болып орналасқан. Балаларының үлкені биыл екінші сыныпқа барады. «50 мың теңгеге пәтер жалдап тұрамыз. Бағдарлама туралы естіген соң құжаттарымды тапсырдым. Көпбалалы отбасылар үшін шарттары тиімді»,- дейді ол. Айнагүл Оразалиева, қала тұрғыны: - «Бақытты отбасының» 2%-тік үстемемен берілетін жағы тиімді екен. Қазір 2017 жылды қарастырып жатыр, мен өзім тұрғын үй кезегіне 2019 жылы тұрдым. Облыс орталығында 13 санат бойынша 19 мың адам баспанаға мұқтаж жандар ретінде тіркелген. Күні бүгін кезекке сәйкес 253 адамға жолдама беріліпті. Ерлан Шайхиев, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі: - Мысалы 2010 жылы тұрған азамат пен 2011 жылы тұрған азамат екеуі қатар келсе. біз жолдаманы кезек тәртібі негізінде 2010 жылы тұрған азаматқа беріп жатырмыз. Қазір Орал қаласы бойынша тек қана «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 170 жолдама бөлініп тұр. соның 80-і көпбалалы отбасы. Толық емес және мүгедек баланы тәрбиелеуші екі санат бойынша 90 отбасыға жолдама беріліп тұр. Жолдама алған тұрғындар оператор-банкке барып, төлем қабілетін дәлелдеуі тиіс. Күні бүгін банктің мақұлдауынан өткен 22 азамат баспана іздеуге кірісіп кетті. Нұржан Қалишанов, банк өкілі: - Бағдарлама бойынша төмендетілген несие беріледі. Несиенің пайыздың ставкасы 2%. 10%бастапқы жарна қажет болады. Несиенің мерзімі 19 жылға дейін. Бұл өте жеңілдетілген шарттар. Бағдарлама аясындағы ерекшелігі міндетті түрде жаңа үйден пәтер алу міндетті емес, екінші нарықтағы пәтерлерден немесе жекеменшік үй алуға мүмкіндік бар. Пәтердің ең жоғарғы сомасы біздің облыс бойынша 10 миллион теңгені құрайды. Ақпарат: @24khabar.kz