Өңір басшысы бастаған топ Сарытау, Балауса, Көктем шағынаудандарында болды. Шаһар басшысы Мұрат Мұқаевтың баяндауынша, қар тазалауға 350-дей адам, 100-ден аса техника жұмылдырылған. Сонымен қатар 200-ге жуық ерікті, кәсіпкерлік нысандарының иелері, мекеме ұжымдарын қосқанда мыңға жуық азамат тартылып отыр.

 – Еріген қар суы өтетін жолдар, әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлердің аумағы қардан тазалануда. Тұрғындар жеке үйлерінің ауласындағы қарды уақтылы шығарса, біздің техникаларымыз оларды қала сыртына тасымалдайды. Ал бизнес нысандарының иелеріне тиесілі мекеме аумағындағы қарды өз күштерімен шығаруы керектігі жөнінде хабарламалар таратылды, – дейді Мұрат Рахметұлы.

Зашаған кенті әкімі Әділбек Қадыров кентте науқандық жұмыстардың жоспарлы жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. «Жайық таза қала» мекемесі қызметкерлерінің күшімен қар тасымалдау, арықтарды тазалау жұмыстары қолға алынған. Еріктілер де белсенді көмектесуде. Еріген қар суын өткізу үшін қажетті жерлерге тұрбалар салыныпты.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов жұмыс тобына қала аумағындағы су тасқыны болуы ықтимал барлық аумақты аршып, бақылауға алуды, әлеуметтік нысандар мен көп қабатты үйлердің және қала ішіндегі жеке баспаналардың айналасына түскен қалың қарды тазалау керектігін ескертті. Су тасқыны қатерін тұрғындар қаперіне салып отыру үшін бейнеролик дайындауды ұсынды.

Сондай-ақ қазіргі уақытта «Жайық таза қала» ЖШС қызметкерлері қала көшелеріне құм себу жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстар 19 наурыздан басталды. №15 бригаданың бригадир көмекшісі Еркебай Қазиевтің сөзінше, бригаданың жартысы қар тиеу жұмыстарында, жартысы құм себумен айналысуда.  

 – Өткен аптадан шатырлардағы мұзды құлату, қар тазалау жұмыстары жүргізілуде. Демалыс күнгі аздаған жаңбырдан соң, күннің аздатуымен жер де көк тайғаққа айналды. Ертемен Достық даңғылы бойының тротураларына құм төселді, – деген Е.Қазиев арық аршу жұмыстары да қосымша атқарылып жатқанын жеткізді.   

Жауапты сала мамандарының мәліметінше, күніне 3 000 текше метр қар сыртына шығарылуда.  Бүгінге дейін  203 904 текше метр қар қала аумағынан тазаланып төгілген.  Қар шығару жұмыстары екі ауысым бойынша жүруде.

Елмұра АСХАТҚЫЗЫ