7 маусым қала әкімі Мұрат Мұқаев өзінің кезекті қаланың шет аумақтарын аралау барысында Круглоозерный кентінде жасалып жатқан бірқатар жұмыстармен танысып, ауыл тұрғындарымен жүздесті.

Шаһар басшысы ат басын тіреген алғашқы нысан - Круглоозерный кентіндегі бала-бақша болды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында "Қамқорқұрылыс" ЖШС жүргізген бала-бақша құрылысы толықтай аяқталды, қазіргі таңда құжаттар рәсімделу үстінде. Құжаттар рәсімделгеннен кейін өз есігін айқара ашатын әлеуметтік нысан 100 балаға арналған. Содан соң Мұрат Рахметұлы ауылдың орталығынан орын тепкелі тұрған 3 қабатты 48 пәтерлі тұрғын үй құрылысын бақылады. "Оралземтрубсервис" ЖШС жүргізіп жатқан тұрғын үйдің құрылысын ағымдағы жылдың қараша айында тапсыру жоспарланып отыр. Кездесу барысында ауыл ақсақалдары тұрғындар үшін жасалып жатқан игі істерге алғыс білдірді. Мəселен, соңғы 2-3 жыл ішінде ауылдың кіреберіс жəне ауыл іші жолдары жасалып, тұрғындарға арналған саябақ ашылды. Көпбейінді спорттық алаң салынып, балалар клубы ашылды.