Бүгін Ю.Гагарин атындағы балалар және жасөспірімдер кинотеатрында «Тұрақтылық - ел қауіпсіздігінің негізі» онкүндігі аясында колледж студенттеріне отандық «Алтыншы бекет» («Шестой пост») кинофильмі көрсетілуде. Шара мақсаты - жасөспірімдер мен жастар арасындағы патриоттық сезімді, руxани-адамгершілік қасиеттерін нығайту, діни экстремизм мен терроризмге қарсы иммунитет қалыптастыру.
Фильм шынайы оқиғаға негізделген. 2010 жылдың 22 маусымында түзеу колониясында жазасын өтеп жүрген жиырма бір қылмыскер қашуға бел буады. Олардың бұл әрекетіне Ұлттық Ұланның жауынгері – Ербол Отарбаев тосқауыл болады. Өзі жараланғанына қарамастан, сарбаз бір өзі қашқындардың жолын кесіп, ерлік танытады.