Халықаралық отбасы күніне байланысты Орал қаласында отбасылық құндылықтарды насихаттау бойынша 2019-2021 жылдарға арналған ведмствоаралық іс-шаралар жоспары талқыланды. Басқосуға Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев, облыстық сот төрағасы Бек Әметов, бөлім басшылары мен қоғамдық ұйымдардың төрағалары, сала мамандары қатысты. Шараны ашқан қала әкімі Мұрат Мұқаевтың сөзінше, биыл шаһарда 636 жұп отбасы құруға, 428-і некені бұзуға өтініш білдірген. Былтыр 3374 неке тіркелсе, 1262 отбасы ажырасқан. – Жобаны талқылап, жұмыла жүзеге асыруға облыстық сот басшылығы бастама көтерді. Қазіргі кезде жол айрығында қалған неке мәселесі өте өзекті. 1262 неке одағы бұзылса, соның ішінде 1094-іне қатысты соттың шешімі шыққан. 168 жұп екіжақты келісім бойынша ажырасқан. Биылғы қаңтар-сәуір айларында 428 неке есептен шығарылды. Статистикаға сүйенсек, ажырасу себептерін көрсеткендердің 10%-ы тұрмыстық зомбылыққа, 20%-ы әке-шешесінің ішімдікке салынуы немесе 1%-ы есірткіге тәуелді болуына, тағы 10%-ы жұмыссыздық мәселесіне, 25%-ы жұбайлардың өмірге деген көзқарасы сәйкес келмеуіне, 5%-ы шаңырақ көтергенге дейін де, кейін де бірін-бірі ұната алмауына, 15%-ы материалдық игіліктің жетіспеушілгіне байланысты, – деді Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов. 
Биыл аз қамтылған және көп балалы отбасыларды материалдық тұрғыда қолдау мақсатында үкімет жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмекті бере бастағаны мәлім. Бақытжан Нарымбетов дерегінше, сәуір айында қалада 1500-нан астам тұрғын атаулы әлеуметтік көмек алып үлгерген. Бұл бағытта өтінімдер қабылдануда. Жалпы 9191 адамға 154 милиион көлемінде теңге көлемінде АӘК беру жоспарланған. 
Оралда 19 мыңнан астам адам үй кезегіне тіркелген. Соның ішінде 7308 адам әлеуметтік тұрғыда осал топтарға жатады. 785-і – көп балалы отбасы санатынан. Мамыр айында қаладағы көпбалалыларға 20 пәтер берілді. Алдағы уақытта кезек тәртібімен 216 пәтер беру жоспарлануда. 
Қалада отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында қоғамдық ұйымдар жұмыс жасайды. Бірнеше жыл бұрын Салтанат сарайында неке қиюға өтініш білдіргендерге психологиялық және құқықтық кеңестер беру жүзеге асқан.

Алдағы уақытта осы қызметті жандандырып, арнайы орталық ашу жоспарлануда. Одан бөлек, қоғамдағы отбасы рөлін нығайту бойынша 2019-2021 жылдарға арналған қалалық іс-шаралар жоспарын қолданысқа енгізу көзделуде. Жоспардың бағыт-бағдарымен таныстырған Бақытжан Нарымбетов, алдымен, отбасындағы қарым-қатынас мәселелері бойынша әлеуметтік зерттеу, неке қиюға және бұзуға өтініш білдіргендермен жұмыстану, сот ғимаратында ажырасу себебі туралы экспресс-сауалнама жүргізу қолға алынатынын айтты. Одан кейін ұйымдастыру кезеңінде болашақ ата-анамен әңгімелесу, неке қиғандарына 50 жылдан асқандарды жастармен кездестіру, АХАТ бөлімінде жоғары сынып оқушыларына арналған «Ашық есік» күнін, отбасылар арасында спорттық сайыстар өткізу және ажырасуға бел байлағандарды психолог мамандарға жолықтыруға ықпал ету, сондай-ақ некені сақтауға шара алуға қатысты мекеме аралық байланысты нығайту көзделген. Іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруға арнайы жұмыс тобын құрылады. 
Басқосуда сөз алған облыстық сот төрағасы Бек Әметов некені бұзудың салдарымен күреспей, оны болдыртпау жолдарын қарастыруды ұсынды. Оның айтуынша, некені тіркетуге келгендер міндетті түрде психологиялық тренингке қатысып, мамандар отбасындағы жауапкершілік маңызы айрықша екенін жете түсіндіруі тиіс. Тренингті ұйымдастыруда мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың қоян-қолтық жұмыс істеуіне жағдай туғызуы керек. Басқосуда БҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандарылған ауданаралық соттың төрайымы Сұлуғаным Қадыралиева, Орал қаласының АХАТ бөлімінің басшысы Талғат Қайрекеев, «Жайық таңы» ҚБ төрайымы Гүлбаршын Мұштанова пікір білдірді.
Ақпарат: @zhaikpress