Мүгедектерді қолдау – басты назарда Кеше қала әкімі Нариман Төреғалиев мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға көмек көрсетіп жүрген үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті.

Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау – мемлекеттің басты назарында. Елбасының тапсырмаларын орындау мақсатында қала әкімдігі әрдайым мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға көмек көрсетеді. Бүгінде стандарттар мен бекітілген тәртіпке сай ардагерлер мен айрықша көмекті қажет ететін тұлғаларды әлеуметтік қорғау мақсатында мемлекеттік қызметтің сегіз түрі көрсетіледі.  Өткен жылы мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс арқылы құны 236,3 млн. теңге болатын 12 әлеуметтік жоба жүзеге асып, 3500 адам қамтылған. 907 азамат жеке көмекші мен ымдау тілі мамандарының қызметін алған. Басқосуда қала әкімі Н.Төреғалиев өткен жылғы кездесуде қозғалған мәселелер негізінде атқарылған жұмыстар туралы ақпар берді.

 – Өткен жылғы кездесуде мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс жасайтын ұйымдар денсаулық сақтау, қоғамдық орындарды мүгедектер үшін қолайлы жағдай туғызуды сұрады. Олардың өтінішімен қазіргі уақытта барлық емханаларға дыбысты электронды тақталар орнатылды, мүгедектерді оңалту үшін жаңадан ашылған қалалық аурухана негізінде оңалту бөлімшелері жұмыс жасауда, күндізгі стационарларға көп функциялы кереуеттер, арбалар алынды, инвотехникаларды жаңарту жұмыстары жалғастырылуда. Әуежай алдындағы көлік тұрағында мүгедектердің автокөліктеріне арналған тұрақ мәселесі шешілді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бірінші қабаттан демалыс бөлмесі ашылды, – деген Нариман Төреғалиұлы бұл жұмыстардың жалғасатынын айтты.

Шарада облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжанов кейбір пандустардың талапқа сай келмейтінін алға тартты. «Бәйтерек» ҚБ-ның төрайымы Меруерт Санқаеваның сөзінше, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен басқа бөлімдер мүгедектердің мәселесімен айналысатын ұйымдармен жұмыс жасауға құлықты емес. Тек қалалық білім беру бөлімімен бірлесе мүгедек балалар үшін түрлі шаралара жүргізілген. Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ж.Төремұратованың айтуынша, қала мектептерінде мүгедек балаларды қоғамға бейімдеу мақсатында инклюзивтік кабинеттер жұмыс жасайды. Мәселен, бес жыл бұрын қаладағы мектептерде 20 түзету сыныбы болса, қазір олар 50-ге жетті. Қала бойынша коррекциялық көмекті қажет ететін 2373 баланың 1225-і мектептерде оқиды. Кеңес беру мақсатында логопедтер жұмыс жасайды. Жансұлу Меңешқызы ұсыныс болса, қалалық білім беру бөлімі ҮЕҰ-мен  ынтымақтаса жұмыс жасауға дайын екенін жеткізді.  

Бұдан өзге жиын барысында мүгедектердің қоғамдық көлікте жүруіне жеңілдіктер жасау, мемлекеттен берілетін тегін дәрі-дәрмекті алудағы түсініспеушіліктер, жұмысқа орналасу мәселелері қозғалды.   

Өткен жылы мүмкіндігі шектеулі 50 азамат тұрақты жұмысқа орналасып, 5 адам әлеуметтік, 91-і қоғамдық жұмысқа жолданған. 5 адам шағын несие алып, дәмхана, шаштараз, темірден бұйым жасау, мал өсіру, жолаушылар тасымалы бойынша өз кәсіптерін ашқан.  

Эльмира НҰҒМАНОВА


08.02.2017 13:39

Сақтап алу: