Орал қаласының әкімі Н.Төреғалиевтің халық алдындағы есебінің негізгі тезистері

Соңғы жылдары халық саны өсуінің тұрақты тенденциясы байқалады. Қала халқының саны ─ 290,5 мыңға жеткен, бұл облыс тұрғындарының 45,5%-ы. Көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 2,3%-ға жоғары. Ал соңғы 5 жылда адам саны 31 мыңға өсті. Тұрғындардың тұрақты өсімі ─ ішкі көші-қон және демографиялық баланстың тұрақты динамикасының көрінісі.

Кәсіпкерлік

Қалада 28 728 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оның ішінде белсенділердің саны – 24 596 бірлік (86%). Жалпы тіркелген шаруашылық жүргізуші субъектілер саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,8%-ға өскен. Өндірілген өнім көлемі 68,5 млрд.теңгені құрап, 2015 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6%-ға өскен. Кәсіпкерлік субъектілерінен мемлекеттік бюджетке – 19,2 млрд., соның ішінде жергілікті бюджетке 6,9 млрд. теңге көлемінде салық түскен. Бұл қалалық қазынаға түскен түсімнің 41%-ы (16,7 млрд.теңге). «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында өткен жылы Орал қаласы бойынша сомасы 11,6 млрд. теңге болатын 73 жоба мақұлданып, сомасы 9,3 млрд теңге болатын 60 жоба қаржыландырылды. Кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде 2010-2016 жылдар аралығында жалпы сомасы 19,3 млрд теңгеге 26 жоба жүзеге асырылып, 1 192 жұмыс орны құрылған. 2016 жылға дейін Оралда 941 жұмыс орындарын құрумен сомасы 10,4 млрд.теңге болатын 20 инвестициялық жоба іске қосылды. Аталған жобаларды іске қосу нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 5 млрд. теңге көлемінде салық түссе, оның 1,4 млрд. теңгесі жергілікті бюджетке түсті. Былтыр 251 жаңа жұмыс орнын құрумен сомасы 8,9 млрд.теңге болатын 6 жоба жүзеге асырылды.

Құрылыс

Өткен жылы мемлекеттік бағдарламалардың барлық бағыты бойынша Оралда құны 8 млрд. теңгені құрайтын 1247 пәтерлік 11 үй пайдалануға берілді. Соның ішінде 977 пәтерлік 9 үй – «Нұрлы жол» бағдарламасымен, 1 үй – жас отбасыларға, 1 үй – тұрғын үй кезегіндегілерге берілді. Өткен жылы әр түрлі қаржыландыру көздерінен қала бойынша жалпы ауданы 191,8 мың шаршы метрді құрайтын 2008 пәтер қолданысқа берілді, бұл 2015 жылғы көрсеткіштің 122,3%-ы. Соның ішінде қолданысқа берілген 85,4 мың шаршы метр – қала тұрғындары қаржысы есебінен, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 97,3 %-ды құрады. Инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту шеңберінде жалпы құны 1,8 млрд. теңге 7 жоба жүзеге асырылды. Аталған жобалар қатарына қаладағы Солтүстік-шығыс ауданындағы жаңа ТЖЖ-дағы (ПДП) инженерлік желілердің құрылысы және Зашаған кентінде орналасқан жаңа шағынауданның ішкі орам жолдары мен шағынаудандағы су бұру каналдары жұмыстарын жалғастыру кіреді. Қала бойынша 90 шақырымнан аса жаңа желілер салынды. Жаңа алаңның құрылысы аяқталып, 2 әлеуметтік жоба – Жастар және оқушылар сарайы, көпбейінді 300 орындық қалалық аурухана қолданысқа берілді. Аталмыш аурухана емдеу, аурудың алдын алу шараларына және Оралдағы шағынаудандар тұрғындарына білікті стационарлы медициналық қызмет көрсетуге арналған. Жобалардың жалпы құны – 11 млрд. теңге.

Өнеркәсіп

Былтыр өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 19%-ға өсіп, 129,6 млрд.теңгені құрады. Оның 66%-ы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі, аталмыш саланың өндіріс көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 20%-ға жоғары. Аталған саладағы өндіріс көлемінің артуы өнім өндіру көлемінің өсуімен тікелей байланысты. Электр қуатын, су мен газды өндіру және тарату кәсіпорындарында өндірілген өнім көлемі – 38,4 млрд.теңге, бұл көрсеткіш 2015 жылдың деңгейімен салыстырғанда бірқалыпты. Сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылау кәсіпорындарындағы өндіріс көлемі – 4,4 млрд.теңге, бұл 2015 жылдың деңгейінің 121%-ы.

Инвестициялар

Есепті кезеңде негізгі капиталға тартылған қала инвестициясының көлемі – 52,4 млрд. теңге. Соның ішінде республикалық бюджет арқылы 5,6 млрд.теңге немесе 2015 жылдың 37%-ы. Ал жергілікті бюджет қаражатынан инвестиция көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 15%-ға көбейіп, 6,4 млрд.теңгені құрады. Банк несиелері мен басқа да қарыз қаражаты есебінен 2016 жылы инвестиция көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 24%-ға өсті. Бұл кәсіпкерлік саласының жандануының арқасында, ең бірінші кезекте мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламалардың оңтайлы әсерінің белгісі. Жеке инвестиция есебінен нақты құны 4,9 млрд. теңгені құрайтын 51 нысан іске қосылды.

Ауыл шаруашылығы

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту – аграрлық саясаттың маңызды бағыты. Есептік кезеңде жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 7,9 млрд. теңгені құрап, 2015 жылғы көрсеткіштен 2 есе көбейді. 2016 жылы барлығы 6 мың гектар дәнді дақыл егіліп, 13,6 ц/га-дан 8,3 мың тонна өнім жиналды. Былтырғы жылмен салыстырғанда жиналған дәнді дақылдар мөлшері 12,6 есеге өсті. Сүт өндірісі – 2,6%-ға, жұмыртқа өндірісі – 3,6%-ға өскен. Ірі қара мал бас саны 5,5%-ға көбейді. Қалада 44 мыңнан аса көкөніс-бақша өнімдері, соның ішінде 1343 га. алқапқа картоп отырғызылып, 19,5 мың тонна өнім жиналды. Агроөнеркәсіптің ауқымын кеңейту жолында «Агробизнес – 2020» бағдарламасының үлесі зор. 2016 жылы аталмыш бағдарлама аясында аграрияларға жалпы сомасы 192 млн. теңгенің субсидиясы бөлінді.

Инженерлік желілер

Қаладағы инженерлік желілер жүйесі – 6 мыңнан астам шақырым. 2016 жылы 183 мың абонент қосылған, жалпы сомасы 1,5 млрд. теңге 13 шақырым су құбырлары мен кәріз жүйелерін жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілді. 375 млн. теңгеге 7 әлеуметтік нысан мен 31 мың тұрғынды жылумен қамтамасыз ететін 1,2 шақырым болатын жылу желілері жаңартылды. ҚПО б.в. компаниясы қаражатына 4,3 шақырымды құрайтын 440 млн. теңгеге су құбырлары және 225 млн. теңгеге 1 шақырым кәріз жүйесі коллекторы жаңартылды. Былтыр мекемелердің өз қаражаттарына жалпы сомасы 614 млн. теңгеге 146 шақырым инженерлік желі жөнделді.

Әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту

2016 жылы мемлекеттік қолдау шараларымен 5309 адам қамтылды. Бұл көрсеткіш 2015 жылдың деңгейінен 28%-ға өсті, соның арқасында 2393 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 56 адамға 170 млн. теңге шағын несие беріліп, 58 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұрын берілген қаражат уақтылы қайтарылу нәтижесінде кәсіпкерлерге жаңа шағын несиелер беруге мүмкіндік туды.

Өткен жылы 269 адам кәсіптік оқумен қамтылды. Кәсіптік оқуды аяқтаған 250 адам (93%) тұрақты жұмысқа орналастырылды. Былтыр әлеуметтік жұмыс орындарына 142 адам жолданып, 73-і тұрақты жұмысқа орналастырылды. Бүгінде жұмыссыздар қатарында 640 адам есепте тұр, жұмыссыздық деңгейі – 0,5%. Жастар тәжірибесі бойынша 187 мекемеге 485 адам жолданып, 33%-ы жұмысқа орналасты. Былтыр жаңадан 4072 жұмыс орны ашылып, бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 17%-ға артты. Соның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 403 жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмысқа орналасуға жәрдемдесу мәселесімен жолыққан мүмкіндігі шектеулі жандар саны – 169, оның ішінде әлеуметтік қолдау шараларымен 163 адам қамтылды. Өткен жылы өткізілген 7 бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 1653 адам қатысса, оның үштен бір бөлігі мемлекеттік қолдауды иеленді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 27%-ға артық. 2016 жылы 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақыны 2120 бала алды, бұл алдыңғы жылдың деңгейінен 7,4%-ға көп. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті 277 адам алды, бұл 2015 жылдан 20%-ға төмен. 2016 жылдың маусым айында отбасыны белсендіру әлеуметтік келісімшарты негізінде аз қамтылған отбасылар үшін шартты ақшалай көмекті енгізу бойынша "Өрлеу" жобасы іске қосылды. 25 отбасымен (119 адам) әлеуметтік келісімшарт жасалып, 3,6 млн. теңге төленді. 27 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.

Тұрғын үй көмегі 3447 отбасына 109,3 млн.теңге көлемінде төленді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда отбасы саны бойынша – 2%-ға, ал төленген қаражат көлемі бойынша – 32%-ға

жоғары. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» бағдарламасы аясында 243 отбасыға тұрғын үй көмегі берілді. 2015 жылға қарағанда бұл көмекпен қамтылғандар саны 1,5 есеге өскен. Бұл тұрғындардың аталған бағдарлама арқылы өз үйлерін жөндеуге қызығушылығының артқанын көрсетеді. Жалпы жөндеуге бөлінген сома – 1,3 млн.теңгені құрап, 2015 жылдан 44%-ға жоғарылады.

Мәдениет және спорт

Өткен жылдың басты оқиғалары ретінде «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-жобасы аясындағы эстафетаны, «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы» шараларын айтуға болады. Қыркүйек айы «Қала күніне» орай кең ауқымды, мәнді шаралармен айшықталды. Шаһар келбетін одан әрі көркейткен бірнеше архитектуралық мүсіндер ашылды. Олардың қатарында Жайық өзенінің жағасында орнатылған, оралдықтардың символы іспеттес ─ "Бекіре", тәрбиелік мәні зор жаңа алаңдағы "Кітаптар" мүсіндері, Құрманғазы және Дина ескерткіштері бар. Өткен жылы салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында қалада 500-ден аса спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылды. Былтырғы жылдың нәтижесі бойынша қалада спортпен айналысушылар 79 мыңнан асты, бұл ─ қала тұрғындарының 27,6%-ы.

Өткен жылы 4 спорттық алаң және жалпы ұзындығы 2,7 шақырым велосипед жолы қолданысқа берілді. Қыста көпшіліктің мұзда сырғанауы үшін 25 алаңға мұз құйылды.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту

Аталған бағдарлама аясында 2016 жылы 4 үй, оның біреуі қайтарым қаражаты есебінен жөнделді. Көбіне, үйлердің инженерлік желілері мен шатырлары жөндеуден өтті. Бағдарлама шеңберінде қалада 2011 жылдан бастап 80 үйге (7 жеделсатыға) жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жолаушылар тасымалы

Оралда күн сайын 500-ге жуық автокөлік 35 қалалық маршрут арқылы жолаушы тасымалымен айналысады. Оның ішінде 150-інің ─сыйымдылығы жоғары, 210-ы ─ орта класты, қалғандары – шағын автобустар. Маршруттардың жалпы ұзындығы – 1316 шақырым. Жолаушы тасымалымен алты кәсіпорын айналысады. Жыл соңына дейін шағын автобустарды сыйымдылығы жоғары қоғамдық көліктерге ауыстыру жөніндегі міндеттемеге сай кейбір қалалық маршруттарда нақты жұмыстар жүргізілуде. Қоғамдық көліктердің қызметін бақылау үшін 10 автобусқа спутниктік-навигациялық жүйе орнатылды.

Жолдарды жөндеу

Оралдық жолдардың жалпы ұзындығы – 582,3 шақырым, оның ішінде 53,2%-ы асфальтбетонды жабынмен қапталған. Қала жолдарының жартысынан астамы дерлік қанағатанарлықсыз жағдайда, яғни жөндеу мен қайта құруды қажет етеді. Жыл сайын жолдарды ағымдағы жөндеуге (шұңқырларды жөндеу, жолдың профилін түзеу) қаражат бөлінеді, аталған жөндеумен қаланың 80 көшесі қамтылды. Ағымдағы жөндеу аясында қаладағы топырақ жабынды көшелерге жөндеу жұмыстары өндірісі кезінде алынған ескі асфальтбетон жабындарын төсеу жұмыстары атқарылды.

Жыл сайын жолдарды қайта құру, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Өткен жылы жалпы ұзындығы 23 шақырымды құрайтын 18 көше жөнделді, оның ішінде 9-ы жер қойнауын пайдаланушылар есебінен жүргізілді. Бүгінгі таңда 8 көшенің жұмысы аяқталып, қалған шаралар ағымдағы жылы жалғасады. Былтыр мүліктік-техникалық базаны жақсарту мақсатында 19 коммуналдық техника сатып алынды. Осы мақсатта бюджеттен 307 млн. теңге бөлінді.

Білім беру

2016-2017 оқу жылында қала мектептерінде 45019 оқушы білім алуда. Ал 1-сынып партасында 5325 оқушы отырса, бұл көрсеткіш соңғы жылдармен салыстырғанда 40%-ға артты. Жаңа оқу жылында балалар тасымалын сапалы түрде ұйымдастыру мақсатында 4 автобус сатып алынды, жалпы паркте 19 автобус бар. Тасымалмен 8 мектептің 2491 оқушысы қамтылған. Қаланың 48 мектебі де бірреттік ыстық тамақпен қамтылған, оның ішінде 1-4 сыныптардың 19 мың оқушысы және 2,5 мың аз қамтылған отбасының балалары бар.

Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында 46 мың теңге бөлініп, 28 мың бала (62%) қамтылды. Ата-анасынан айырылған 9 жеткіншек Италияда демалса, 10 дарынды оқушы республикалық оқу-сауықтыру орталығында демалысын өткізді.

2016 жылы 1399 түлектің 1032-сі ҰБТ-ға қатысты. «Алтын белгіге» үміткер 30 оқушының 19-ы (63%, 2015 жылы – 45,8%) өз білімдерін дәлелдеді. Түлектердің 42%-ы білім гранттарын ұтып алды.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қалада ашылған Оқушылар сарайында бокс орталығы, жеңіл атлетика залы, бассейн, мұз айдыны, қысқы бақ бар. Сарайда бір уақытта 1000 оқушы өз уақыттарын тиімді өткізеді.

2016 жылы үш білім ұясы күрделі жөндеуден өтті. Жергілікті бюджет есебінен №36 ЖОББМ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде №39 ЖОББМ, шетелдік инвесторлардың қаржыландыруымен №2 орта мектеп жөнделді. Қалада 97 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды. Оның 51-і – мемлекеттік мектепке дейінгі ұйым, 25-і – шағын орталық, сондай-ақ мемлекеттік тапсырыспен жұмыс жасайтын 21 жеке балабақша бар. Осыдан үш жыл бұрын қалада небәрі 265 баланы қамтитын 5 жеке балабақша болса, биылғы оқу жылында 11 жеке балабақша ашылды. Мемлекеттік тапсырыс 5 есе өсіп, тәрбиеленушілер 1500-ге көбейді. Бұл ─ мемлекеттік және жекешелік серіктестік тетіктерінің бір бағыты. Мектепке дейінгі білім берумен 13773 бала қамтылса, 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің балабақшамен қамтылуы 99,5%. Бұл ─ қаламыздың дамуын көрсететін индикаторлардың бірі.

Қазіргі таңда қала бойынша балабақша кезегіне 15470 бала тіркелсе, оның 1425-і – 3 пен 6 жасқа дейінгілер. 2016 жылы екі мектепке дейінгі ұйым жөнделді, бұл "Ремзавод" ауданындағы №33 "Орленок" және Деркөлдегі №32 "Колокольчик" балабақшалары. Зашағандағы балалар саз мектебінің тәрбиеленушілеріне жайлы жағдай жасау мақсатында жаңа ғимарат бірілді.

Қаланы абаттандыру

2015 жылы жалпы сомасы 833 млн. теңгеге 38 аулалық аумақты абаттандыруға жобалық-сметалық құжаттама жасақталды. 20 жобаны жүзеге асыру былтыр басталып, 17 аулалық аумақ абаттандырылып, қалған 3 нысанның жұмыстары осы жылға көшті. 2016 жылы 10 жаңа аялдама павильондары салынды, оның бесеуі қаламыздағы кәсіпкерлердің көмегімен орнатылды. Қала көшелеріне 150 дана пластикалық жәшіктер, 30 жәшіктер мен орындықтар, гүлдерді отырғызуға құмыралар қойылды.

Оралда көше-жол желілерінде 18 мың жарық нүктелері бар. 2016 жылы қондырылған жарық нүктелерінің саны – 577. Қазір 16 нысанға мырышталған бағаналарды орнату мен жарықтандыру, әуе желілерін кабельдік желілерге ауыстыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда. Достық және Еуразия даңғылдарында мырышталған бағаналар, ескіні ауыстыру мен уақытты кері санау таблосын орнату бойынша 10 бағдаршам ауыстырылды.

Сәулет және жер қатынастары

Тарихи мәдени мұра – Орал шаһарының басты әлеуетінің бірі. 2016 жылы 7 ғимараттың сыртқы өңін жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілсе, оның бесеуі меншік иелерінің есебінен жүзеге асты. Қаланың тарихи орталығын, жалпы көркін сақтау бойынша және қолайлы сәулет ортасын қалыптастыру бағытындағы игі істер биыл да жалғасады.

Қаланың жалпы жер көлемі – 73 мың га. Оның ішінде ауылшаруашылығына арналған жер көлемі – 49 мың га., соның ішінде 3,8 мың га. бағбандықпен айналысуға арналған. Баугерлік серіктестік саны –168, баугерлер саны 19 мыңға жеткен. Күні бүгінде 69 мың тұрғын жер телімі кезегінде тұр.


09.02.2017 10:54

Сақтап алу: