Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында Орал қаласында 180 отбасы баспаналы болды. Облыс орталығы маңындағы Зашаған кентінде бой көтерген 9 қабатты үйде басталған қоныстойға Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов арнайы келіп, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.
Орал-Саратов тас жолының бойынан орын тепкен тұрғын үйдің құрылысы өткен жылдың қазан айында басталған болатын. Жобалық құны 1,4 миллиард теңгені құрайтын құрылысын жұмыстарын «Болашақ-Т» ЖШС жүргізді.
-Бұл зәулім тұрғын үйлер Елбасымыздың «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынуда. Өңірдегі тұрғын үй салу жұмыстарын жергілікті құрылыс компаниялары жаңа технологиямен сапалы әрі уақытылы жүргізуде. Ағымдағы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасымен облыс орталығында 14 көп қабатты тұрғын үй және сегіз ауданда 188 пәтер салынуда. Жалпы биылғы жылы өңірімізде 1700 пәтерлі тұрғын үй бой көтеруде. Соның 1500 пәтері осы жылдың соңына дейін тұрғындар игілігіне табысталмақ. Бұл игі бастамалардың барлығы ел тәуелсіздігінің, бірліктің, еліміздегі тұрақтылықтың, халқымыздың еңбекқорлығы мен Елбасымыздың уақытылы қабылдаған мемлекеттік бағдарламаларының аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесі деп санаймын. Халықты тұрғын үймен қамту ең өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Дегенмен бұл түйіткіл жыл санап шешімін табуда. Осыдан 5-6 жыл бұрын осы жер спортшыларымыз көкпар тартып жүрген ең дала болатын. Бүгінде зәулім үйлермен, мектеп, балабақша, аурухана секілді ғимараттарға толы шағын ауданға айналды. Елдегі игі бағдарламалардың арқасында мыңдаған өңір тұрғындары көптеген жылдар аңсаған өз шаңырақтарына қол жеткізіп келеді. Қазіргі таңда «ТұрғынүйҚұрылысЖинақБанкі» АҚ салымшылары ретінде 54 мың тұрғын тіркелген. Алдағы уақытта да осы күре жолдың бойынан көп қабатты зәулім үйлер бой көтеріп, талай отбасылары қоныстой тойлайтын болады. Бүгінгі қоныс той иелерін шын жүректен құттықтаймын. Шаңырақтарыңыз бақ пен берекеге толы болсын,-деді Алтай Көлгінов.
Бұдан соң ашылу салтанатында шаңырақ иелеріне көптен күткен пәтерлерінің кілттері табысталып, жиналғандар су жаңа тұрғын үйді аралап көрді.

Ақпарат: «ЖайықПресс»
Фото: Александр Куприенко