Саябақтағы жәрмеңке

Кеше, яғни 18 қыркүйек күні батысқазақстандық украин ұлтының өкілдері «Сорочин жәрмеңкесі» мерекесін атап өтті.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ұйымдастырылған украин мәдениеті мейрамының ерекшелігі – оныншы жыл қатарынан атап өтілуінде. 

Қалалық мәдениет және демалыс саябағында өткен жәрмеңкеге жиналған қауымды құттықтаған өңіріміздегі «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Александр Әжіғалиев: – Бізге облысымыздағы украин мәдени орталығы көтеріңкі көңіл күй сыйлауда. Бұл – шағын мерейтой. Керемет мереке ауа райының салқындығын сездіртпеуде. Баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, елімізге бақ-береке тілеймін, – деді.

«Сорочин жәрмеңкесі» аясында көрермен оралдық және аудандардан келген шығармашылық ұжымдардың өнеріне тәнті болды. Сонымен қатар ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады. 

Облыстық «Еднання» украин мәдени орталығының төрағасы Виктор Тарасенконың айтуынша, қазақ жерінде украиндықтардың үшінші буыны өмір сүруде. – Батыс Қазақстанда он бір мыңдай украин ұлтының өкілі тұрады. Мәдени орталық ашылғаннан кейін «Берегиня» атты хор құрдық. Ұлттық салт-дәстүрімізді, тілімізді ұлықтау мақсатында түрлі іс-шаралар өткіземіз, – деді орталық төрағасы.

Аталмыш жәрмеңке күзгі жиын-терім аяқталғаннан кейін дихандардың еңбегін дәріптеу, ауыл шаруашылық өнімдерін халыққа ұсыну мақсатында ұйымдастырылады.  

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ    


19.09.2016 12:41

Сақтап алу: