Жаңа жыл – қашанда әр адамның жүрегіне жаңа үміттер мен аппақ армандар ұялататын, ғажайып қиялдарға қол создыратын мерекеміз. Барша адамзат бұл күні өткенді ой елегінен өткізіп, саралап, жаңа жылға таза ниетпен, болашаққа деген мол сеніммен аттағанды қалайды.
Осы тұрғыда жаңа жыл ұшқыр арман-қиялдарыңыз бен ақ тілек-ниеттеріңіз орындалатын жарқын да көңілді, табысты әрі мақсатты жыл болуын тілеймін! Біз осынау бүкілхалықтық мереке үстінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған реформаларының арқасында қол жеткізген табыстарымызды үлкен мақтанышпен айтамыз.
Осы орайда, өткен жыл еліміз үшін оның ішінде біздің қаламыз үшін де шын мәнінде бірлік пен берекенің, ел тілегі жүзеге асқан, серпінді жобалардың, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуымен аса құнды жыл болды.
Атап айтар болсақ, 2018 жылы 50 көшеге жол төселді. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында тұрғындар баспанаға қол жеткізді. Сондай-ақ, қайта салынған «ДЕПО» маңындағы көпірді пайдалануға тапсырып, «Омега» ауданындағы көпірді қайта салуға кірістік. 
Сонымен қатар, биыл мектептер мен мемлекеттік балабақшалар күрделі жөндеуден өтіп, жеке балабақшалар саны артты. Жәнеде, қала тұрғындарына арналып спорт алаңқайлар салынды. Тәуелсіздігіміздің 27 жылдығына орай Зачаган кентінде 900 орындық жаңа мектеп пен 9 қабатты үй пайдалануға берілді. Оның бәрі халық игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстар.
Осы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба беретін болады. Ол үшін тек қана ауызбіршілік пен тұрақтылық керек деп есептеймін. Алдағы жылға жоспарланған ауқымды істерді Сіз бен Біз болып іске асыратынымызға сенімдімін!
Ардақты ағайын!
Келер жыл өмірімізді мәнді оқиғаларға, татулық пен жасампаздыққа толтырғай! Ортақ шаңырағымыздың жарқын келешегі үшін еңбектеніп жүрген барша азаматтарға бейбіт өмір, тыныштық, мол жақсылық тілеймін. Жаңа жыл үлкен үміт, шаттық пен қуаныштың жылы болсын!
Ізгі тілекпен, Орал қаласының əкімі Мұрат Мұқаев