Бүгін қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов шаһар жастарымен бейресми кездесу өткізді. Жылы жүздесу барысында белсенді жастар дәстүрлі «Қала күнін» мерекелеуге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Ашық алаңға қаламыздың белсенді жастары, спортшылар мен шығармашыл таланттар және жастар ұйымдарының өкілдері жиналды. Орал қаласының ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы ұйымдастырған «Орал –жастар көзімен» атты кездесуде жастардың қала күніне орай өтетін мерекелік шараларға өз үлестерін қосу жөніндегі ұсыныс-тілектері тыңдалды.

Кеш барысында «Uralsk Runners» қозғалысының жетекшісі Асхат Рамазанов, «Орал велосипедшілері» велоқозғалысының ұйымдастырушысы Андрей Карпов, суретші Дарья Запрометова, «Street Workout» қозғалысының көшбасшысы, Дастан Бижанов, «Motoclub» «Whels Broters «MC URALSK» ҚБ өкілі Николай Романов, «Dvizh»қозғалысының өкілдері Мейрамбек Өтепов пен Дәурен Жасталапов, кинематограф, «Үркер» өнер және мәдениетті қолдау орталығының директоры Әлішер Ғұмаровтар сөз алып, өздері қолға алған бастамаларының мақсаты мен дамуын айтып өтті. «Uralsk Runners» қозғалысының жетекшісі, «Fiesta» дүкендер желісінің негізін салушы Асхат Маратұлыбұл бастамашыл топтың алдағы уақытта жүгіруге қызығушылығы жоғары жандармен қатары толығатынына сенім білдірді. Сонымен қатар ол шаһар мерекесіне орай Тұңғыш Президент алаңында жүгіру алаңы ашылатыны жөнінде қуанышты жаңалығымен бөлісті.

– Қазіргі таңда бұл спорт түрі өте қарқынды даму үстінде. Көпшілікке етене таныс емес көше спортына жастардың қызығушылығы жоғары. Біздің облысымыз аталмыш спорт түрінен алдыңғы қатарда. Сондықтан, біз бұған аудан мен қала жастарын бірдей тартқанымыз жөн. Алдағы уақытта «Street Workout» -ты дамыту бағытында аудандарды аралап, жоспар бойынша спорттық тур ұйымдастырсақ, – деген ұсынысын жолдады Дастан Бижанов.

Өңір жұртшылығын тарихтан сыр шертетін дүниелермен таныстырып, өлке сұлулығын таспаға түсіріп жүрген Әлішер Ғұмаров мұндай сапалы туындылар легін көбейту туралы ой қозғады.

Жастардың ұсыныстарына ден қойған Орал қаласы әкімінің орынбасары Б.Нарымбетов оларға қолдау көрсететінін айтты. – Біз үшін қаламызды әр қырынан таныту маңызды. Осы бағытта айтқан ұсыныстарыңызға басшылықпен бірлесе отырып, жауабын табуға тырысамыз. Сіздер – ел болашағының іргесін ұстаушы жастарсыздар, алға қарай өрлей беріңіздер! – деді Бақытжан Хаберұлы.

Қала күніне орай «Жайықтың би әлемі» атты өңір аудандары мен қалалық бишілер байқауы ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, бүгін алаңға жиналған жастар аталмыш мереке аясында жаңа жобаларын ұсынатындарын жеткізді. @puls.zko