Тарихы

Орал қаласы жайында тарихи анықтама

Қазіргі Орал шаһарының орнында бұрын да қала болғаны туралы алғашқы мәліметтер ерте орта ғасырларға тиесілі. Алайда жазба және картографиялық  дерек көздеріндегі бұл мәліметтер археологиялық қазбалар нәтижесінде 2001 жылы ғана расталды. Осы жылы Орал қаласынан 12 шақырым жерде XIII — XIV ғасырлардан қалған көне қалашықтың орны табылды. Ортағасырлық қаланы археологтар өзеннің қазақша атауы негізінде шартты түрде «Жайық» деп атады.

Көпжылдық зерттеулер 13-14 ғасырларда Алтын Орданың күшеюі кезінде пайда болған бұл шаһардың ірі әскери-әкімшілік және сауда-өнеркәсіптік қала болғанын, әрі осы мемлекеттің  билеу жүйесінде ұлыстық басқару орталығы ретінде қызмет еткенін көрсетті. Құрылыстың ізі айқын аңғарылатын алаңның көлемі 8 гектар болса,  қорымды қоса алғанда зерттелген аумақтың жалпы көлемі 300 гектарға жуықтайды. Көне шаһардан көптеген тұрғынжайлар, қоғамдық монша, кірпіш күйдіру пештері, шаруашылық орындары анықталды. Шаһардың батысына қарай 2 шақырым жердегі қыраттың үстіндегі қорымнан қалаға қатысы бар бірқатар жерлеу орындары табылды.  Олардың ішінде екі кесене мен мұнараның, өзге де құрылыстардың қалдықтары ерекше орын алады.

Қуатты әскери-саяси билік қанша өмір сүрсе, қала сонша уақыт тіршілік етті.  Алтын Орданың, бұдан соң Ноғай хандығының құлауы сауда-саттық пен қолөнер өндірісінің күрт қысқаруына әкелді. Қала біртіндеп өз маңызын жоя бастады. Қаланың жойылуына тонау мен бүліншілік, маргинальды аймақтарға қарай қаптаған қарақшылық топтардың шапқыншылығы әсер етті. 

Өмір сүруге қолайлылығы мен қауіпсіздікті сақтау талаптарына сай келуі Орал өзенінің жағалауынан тұрақты қоныс іздеген казактардың осы жерді таңдауына себеп болды. 16 ғасырда пайда болған шағын әскери елді мекен 19 ғасырдың ортасына қарай осы аймақтағы ірі қалалардың біріне айналды. Қаланың дамуы мен қалыптасуы шаһармен бірге пайда болған Жайық, Уральск казактарымен байланысты болды. Қазіргі кезде қаланың бұл бөлігі казактардың тұрғын үйлері-курень сөзінен шыққан атаумен «Курени» деп аталады. 1773-75 жылдары Жайық казактары Емельян Пугачевтың бастауымен болған шаруалар көтерілісінің негізгі өзегіне айналды. Патша үкіметі бұл қарсылықты аяусыз басып жаншыды. Халықтың жадынан көтерілістің көріністерін жою үшін, Екатерина II бұйыруымен Яик өзені Орал, ал Яицкий қалашығы Уральск деп өзгертілді.

Оралдың қала ретінде қалыптасуы  Орал губерниясы құрылған1868 жылғы әкімшілік-аумақтық реформалардан басталады. Дәл осы уақытан бастап Орал қаласы Қазақстанның батыс өңіріндегі әкімшілік, экономикалық және мәдени орталыққа айналды. Ал Оралдың өзі тас төселген көшелері, әдемі кірпіш үйлері,  мәдени, ағарту,  медициналық мекемелері бар, сауда желісі дамыған, өнеркәсіптік-көліктік инфрақұрылымы жетілген қала боп бой түзеді.  Орыс-украин шаруаларының қоныс аударуы мен отырықшы қазақтардың көшіп келуі нәтижесінде Орал қаласында түрлі таптың, түрлі ұлттың өкілдері  көбейді.

Қала өсуінің басты себебі экономикалық байланыстардың белсенді дамуы болды. Бір жағынан Орал шаһары жалпыресейлік нарыққа  шықса, екінші жағынан мұнда дала мен қаланың қарым-қатынасының бірыңғай әлеуметтік-экономикалық жүйесі қалыптасты. Оралда мұндай жағдай алдымен Ақпан, ал кейін Қазан төңкерісі нәтижесінде Ресейде патша билігі тақтан түскен 1917 жылға дейін сақталды. Державалық биліктен кейін Уақытша үкімет құлаған соң Кеңес билігінің орнығуымен Оралда жаңа кезең басталды.  Азамат соғысының қасіреті, 1921-22-ші жылдардағы аштық, 30-шы жылдардағы ұжымдастыру орасан құрбандықтарға душар етті.   

Ұлы Отан соғысы жылдарында мұнда КСРО-ның орталық аудандарынан 14 өнеркәсіп кәсіпорны, 20 әскери госпиталь  көшірілуімен және әскери құрамалардың жасақталуымен қаланың жаңа келбеті – жұмысшы қала келбеті қалыптасты. Соғыстан кейінгі экономиканы қалпына келтіру жылдары мен тың игеру кезеңінде агроөнеркәсіп секторы қарқынды дамыды.  Орал қаласының сапалық өзгеріске ұшырап, заманауи кескінге енуі, көп қабатты үйлер мен ғимараттардың құрылысы қарқын алуы 70-80 жылдары болатын. Жаңа өнеркәсіптік зауыттардың құрылысы, табиғат байлығының игерілуі, жаңадан келушілердің артуы мен демографиялық дүмпу қаланы күрт өзгертті. Орал абаттандыру жағынан, өмір сүру деңгейі мен тұрмысқа жайлылығы жөнінен өзге қалалардан оза бастады. Осы мерзімде халықтың саны 2,5 есеге өсті.

Кеңес Одағы тарап, Қазақстан Республикасы Тәуелсіз мемлекет болып жарияланған 1991 жылдан бастап Орал қаласы тарихының жаңа, жарқын парағы ашылды.

Орал қаласы барлық кезеңде де өзіне шығармашыл тұлғаларды баурай білді. 1833 жылдың қазанында қалаға келген А. С. Пушкин Емельян Пугачев көтерілісі туралы мәліметтер жинады. В.И.Даль, В.А.Жуковский, Л.Н.Толстой, В.Г.Короленко, М.А.Шолохов сынды орыс әдебиетінің көрнекті өкілдері де Жайық жағасындағы қалашықта болды.

Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуында айрықша орын алған Алаш Орда қозғалысының тарихы да біздің өлкемен тығыз байланысты. Б.Қаратаев, М.Дулатов, А.Байтұрсынов, Ж.Досмұхамедов секілді қазақ зиялылары либералды-демократия бағыттағы идея ұстанды.

Орал өңірі Құрманғазы, Дәулеткерей, Мұхит, Дина сынды қайталанбас дарын иелерінің, Хадиша Бөкеева, Роза Жаманова, Ғарифолла Құрманғалиев сынды талантты әртістердің, Хамза Есенжанов, Тайыр Жароков, Қадыр Мырзалиев, Сағынғали Сейітов, Жұбан Молдағалиев секілді қарымды қаламгерлердің, өзге де  көптеген тума таланттардың отаны.  

Орал қаласы Европа мен Азия шекарасында орналасқан. Қаланың географиялық қолайлы орналасуы қала экономикасының дамуында маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар тұрғындар үшін Еуразиялық Экономикалық одақтың құрылуы мен өңірдегі интеграциялық үрдістердің дамуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Еуропа мен Ресейден, Түркиядан Қытайға көлікпен тауар тасымалы Орал арқылы өтеді. Бұл өз кезегінде жергілікті өнеркәсіптің өркендеуіне, шағын және орта бизнестің дамуына үлкен әсерін тигізері сөзсіз. 

Орал қаласындағы өндіріс орындары ел аймағынан тысқары жерлерге де кең  танымал. Каспий теңізінде шекара күзеті мен қорғанысты қамтамасыз етіп жүрген кемелер Оралдағы «Зенит» зауытында құрастырылады. Танымал кәсіпорындардың қатарында өрт сөндірушілер мен коммуналдық қызмет үшін арнайы техника шығаруға машықтанған «Оралагрореммаш» АҚ-ы, мұнай мен газды өндіру мен тасымалдауға арналған жоғары технологиялық жабдықтарды өндіруші Батыс Қазақстан машина жасау компаниялары  да бар.  Бұл кәсіпорындар өндіріс бағдарын өзгертіп, өндірісті технологиялық тұрғыдан жетілдірді.

Қалада жыл сайын шағын кәсіпкерлердің саны елеулі өсіп келеді, жеке бизнесін ашу он мыңдаған қала тұрғыны үшін тартымды іске айналды. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, салық түсімдері артуда. Өз кезегінде бұл тұрғындардың әл-ауқаты артуына, шаһар шырайының жақсаруына ықпал етуде. Қала дамуындағы оң өзгерістер, халық санының өсуіне де әсер етті: соңғы 12 жылда тұрғындардың саны үштен бірге көбейіп, 300 мыңға жуықтады. 2030 жылға қарай қала халқының саны жарты миллионға жетеді деген болжам бар.

Орал қаласының тарихы бай, өткені өнегелі, келешегі жарқын. Серпінді дамуға қаланың әлеуеті зор.