Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ереже

1. Жалпы ережелер

 

1.   Осы Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ереже (бұдан әрі – Үлгілік ереже) «Қоғамдық кеңестер туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді.

2.   Қоғамдық кеңестер – Үлгілік ереженің осы тармағының екінші бөлігінде көрсетілген мемлекеттік органдарды қоспағанда, коммерциялық емес ұйымдармен, азаматтармен бірлесіп министрліктер, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдар, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдар, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік басқару органдары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша құратын консультативтік-кеңесші, байқаушы органдар.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, прокуратура органдарының, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің, Қазақстан Республикасы Парламенті Шаруашылық басқармасының, Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының қатысуымен қоғамдық кеңестер құрылмайды.

3.   Мемлекеттік органдардың жанынан Заңда көзделгеннен өзгеше тәртіппен құрылатын консультативтік-кеңесші, байқаушы органдар және коммерциялық емес ұйымдар «қоғамдық кеңес» атауына ие бола алмайды және  Заңда  белгіленген өкілеттіктерді толық көлемде иелене алмайды.

4.   Қоғамдық кеңестер өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, оған сәйкес заңдарды, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Үлгілік ережені басшылыққа алады.

 

 

2. Республикалық және жергілікті деңгейлердегі

қоғамдық кеңестерді қалыптастыру

 

5.   Қоғамдық кеңестер Заңмен көзделген тәртіппен қалыптастырылады.

6.   Қоғамдық кеңестер екі деңгейде – республикалық және жергілікті деңгейлерде құрылады, автономды және дербес болып табылады. Қоғамдық кеңестер арасындағы өзара іс-қимыл  Заңда көзделген тәртіппен іске асырылады.

7.   Қоғамдық кеңестердің республикалық деңгейіне Заңның 1-бабы                    1-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген мемлекеттік органдарды қоспағанда, коммерциялық емес ұйымдармен, азаматтармен бірлесіп министрліктер, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдар, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдар құратын қоғамдық кеңестер жатады.

8.   Жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестерге тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің қоғамдық кеңестері жатады. Бұл ретте ауыл, кент, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала деңгейіндегі Қоғамдық кеңес функциялары жергілікті қоғамдастық  жиналысына жүктеледі.

9.   Қоғамдық кеңестегі азаматтық қоғам өкілдерінің  саны оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісін құрауға тиіс.    

 

 

3. Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының

мүшелерін іріктеу тәртібі, оны өткізу мерзімі

 

10.   Қоғамдық  кеңестерді мемлекеттік органдардың өкілдерінен және конкурстық негізде – коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерінен, азаматтардан тұратын жұмыс тобы  (бұдан әрі – жұмыс тобы) қалыптастырады.

Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидатураларды коммерциялық емес ұйымдар, азаматтар ұсынуы, оның ішінде адамдардың өзін-өзі ұсынуы мүмкін.

11.   Жұмыс тобының құрамында мемлекеттік органнан өкілдік  ету жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының үштен бір бөлігінен аспауы тиіс. Аталған өкілдіктің дербес құрамын мемлекеттік органның басшысы өзі дербес айқындайды. Бұл кезде  мемлекеттік органның басшысы Қоғамдық кеңесте қаралатын мәселелердің басымдығына сүйенуге тиіс.

12.   Жұмыс тобының құрамында азаматтық қоғамнан өкілдік ету жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екі бөлігін құрайды және коммерциялық емес ұйымдардың, азаматтардың ұсыныстары негізінде қалыптастырылады.

13.   Жұмыс тобының сандық құрамын республикалық деңгейде – мемлекеттік органның басшысы, жергілікті деңгейде жергілікті өкілді органның басшысы айқындайды.

14.   Республикалық деңгейдегі мемлекеттік орган, жергілікті өкілді орган жұмыс тобының мүшелерін сайлау туралы конкурсты өткізу туралы хабарландыруды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды және (немесе) мемлекеттік органның интернет-ресурсында орналастырады.

15.   Коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері және азаматтар конкурс туралы хабарландыру жарияланғаннан кейін 10 күн мерзімде  республикалық деңгейдегі мемлекеттік органға, жергілікті өкілді органға жазбаша түрде жұмыс тобына кандидатуралар бойынша  ұсыныстарын жібереді.

Өзінің ұсыныстарын жіберген әрбір коммерциялық емес ұйым және әрбір азамат бір ғана кандидат ұсына алады.

16.   Азаматтық қоғамнан жұмыс тобына кандидаттарға Заңның                          10-бабының 1-тармағына сәйкес талаптар қойылады.

17.   Республикалық деңгейдегі мемлекеттік орган, жергілікті өкілді орган конкурс мерзімі аяқталған соң  келіп түскен ұсыныстардың негізінде жұмыс тобына кандидаттар тізімін әзірлейді және екі апта мерзімде  жұмыс тобына кандидаттарды, коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері мен азаматтарды шақыра отырып отырыс ұйымдастырады.

18.   Республикалық деңгейдегі мемлекеттік органның басшысы, жергілікті өкілді органның басшысы (бұдан әрі – жұмыс тобының басшысы) отырысты ашады және жүргізеді.

19.   Отырыста осы Үлгілік ереженің  14 және 15-тармақтарының талаптарына сәйкес коммерциялық емес ұйымдар мен азаматтар ұсынған кандидатураларды талқылау жүргізіледі. Кандидатураларды талқылау қорытындысы бойынша ашық дауыс беру жүргізіледі. Отырысқа келмеген кандидатуралар бойынша дауыс беру жүргізілмейді. Ең көп дауыс жинаған кандидаттар жеңімпаз болып табылады. Тең дауыс санын жинаған кандидатуралар бойынша  жұмыс тобы басшысының даусы шешуші болып есептеледі.

20.   Жұмыс тобының құрамы мемлекеттік орган басшысының шешімімен бекітіледі. Жұмыс тобының басшысы оның мүшелері қатарынан хатшыны тағайындайды.

21.   Жұмыс тобының құрамы мемлекеттік органның, жергілікті өкілді органның ресми интернет-ресурсында жарияланады.

 

 

4. Жұмыс тобының өкілеттіктері

 

22.   Жұмыс тобы мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:

1)  тұрғындарды Қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау жөніндегі конкурс туралы хабардар етеді;

2)  Қоғамдық кеңес мүшелерінің сандық құрамын айқындайды;

3)  Қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау рәсімін өткізеді;

4)  Қоғамдық кеңес туралы ереже жобасын осы Үлгілік ереже негізінде әзірлейді.

 

 

5. Жұмыс тобының отырыстарын дайындау және өткізу

 

23.   Жұмыс тобының отырыстары өткізілгенге дейін кемінде бес жұмыс күні қалғанда хатшы жұмыс тобының мүшелерін оның өткізілу уақыты, орны, талқыланатын мәселелер туралы құлақтандырады.

24.   Жұмыс тобының отырысы оның тізімдік құрамының үштен екісі қатысқан  кезде заңды болып табылады.

25.   Жұмыс тобының отырыстарын жұмыс тобының басшысы жүргізеді.

26.   Жұмыс тобының отырыстарында шешімдер ашық дауыс беру жолымен қатысып отырған мүшелерінің көпшілік дауыс беруі арқылы қабылданады.

27.   Жұмыс тобының отырыстарында хаттама жүргізіледі, оған төраға мен хатшы қол қояды.

28.   Жұмыс тобы Қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау жөніндегі конкурс туралы хабарламаны республикалық және (немесе) жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында және (немесе) мемлекеттік органның интернет-ресурсында оның атауын, пошталық мекенжайын, құжаттарды тапсыру мерзімдерін, құжаттар және өзге де мәліметтер жіберілетін электрондық пошта мекенжайын көрсете отырып және Заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес өзге де мәліметтерді  жариялайды.

29.   Жұмыс тобы отырыстарда Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидаттар конкурсына қатысу үшін келіп түскен құжаттарды талқылауды және әрбір кандидат бойынша ашық дауыс беруді жүргізеді.

30.   Коммерциялық емес ұйым болып табылатын бір заңды тұлғадан Қоғамдық кеңеске  бір ғана өкіл сайлануы мүмкін.

31.   Республикалық деңгейдегі қоғамдық кеңестерді құру кезінде бір адам тек бір Қоғамдық кеңестің мүшесі болып сайлана алады.

32.   Құрылған Қоғамдық кеңес құрамы мемлекеттік орган шешімімен, немесе жергілікті өкілді орган шешімімен бекітіледі және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға және (немесе) тиісті органның интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс.

33.   Қоғамдық кеңестің бірінші отырысын жұмыс тобының басшысы ашады, ашық дауыс беру арқылы  Қоғамдық кеңестің төрағасы, хатшысы және төралқаның бүкіл құрамы сайланады.

34.   Қоғамдық кеңес төрағасы, хатшысы,  төралқасы сайланған соң жұмыс тобының және оның төрағасының өкілеттіктері тоқтатылады.

 

 

6. Өтпелі және қорытынды ережелер

 

35.   Осы Үлгілік ереже жергілікті қоғамдастық жиналысын қалыптастыру тәртібіне  қолданылмайды, ол Қазақстан Республикасының  жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнамасымен  регламенттеледі.

36.   Жергілікті қоғамдастық жиналысы Қоғамдық кеңестің функцияларын «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңымен және Заңмен белгіленген өкілеттіктерге сәйкес жүзеге асырады.