«Өрлеу» пилоттық жобасын халыққа түсіндіру бойынша белсенді ақпараттық жұмыстар айлығы шеңберінде түсіндірме-ақпарат.

«Өрлеу» жобасы деген не?

1. «Өрлеу» жобасы деген не?

Отбасының әлеуметтік белсенділігін арттыру бағытында келісімшарт жасасу арқылы мемлекеттік шартты ақшалай көмек көрсету бағдарламасы (ШАК) — бағдарламаның шарттарын орындауға міндеттенген отбасыға әлеуметтік көмек көрсетудің белсенді нысандары көзделген қанатқақты жоба.

2. Жобаға қатысатын болсам, қатысу маған не бере алады?

«Өрлеу» жобасы ай сайынғы төлем түрінде шартты ақшалай көмек көрсетумен қатар, бірнеше мүмкіндіктер ұсынады: 

  • Жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге;
  • Мамандық алуға, қосымша мамандық алу үшін қайта даярлықтан өтуге;
  • Қажет болған жағдайда отбасының әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасауды көздейді. 

3. Жобаға кімдер қатыса алады?

«Өрлеу» жобасына орташа айлық табысы жан басына шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 60 пайыздан төмен болатын отбасылар (азаматтар), егер еңбекке жарамды отбасы мүшелері жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге белсенді түрде қатысқан жағдайда қатысуға құқылы.

Маңызды! «Өрлеу» жобасы бойынша отбасына көрсетілетін көмек шарттасылған болып табылады. Яғни, отбасы өзінің әлеуметтік белсенділігін арттыру шарттарын орындаған жағдайда ғана қаржылай жәрдем алады. Отбасының әлеуметтік белсенділігін арттыру келісімшарты жобаға қатысатын отбасы мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арасында жасалады. Келісімшарт бойынша отбасы мүшелері қиындықтарды жеңу үшін өзінің әлеуметтік белсенділігін арттыруға міндеттенеді. Отбасының әлеуметтік белсенділігін арттыру жөніндегі келісімшарттың орындалуы тұрақты түрде уәкілетті органдар тарапынан бақылауда болады.

4.Жобаға қатысу үшін не қажет?

Жобаға қатысу шарттары туралы консультацияны аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен немесе ауылдық жерде тұратын болсаңыз, ауыл әкімінен ала аласыз. Егер Сіз «Өрлеу» жобасына қатысуға келісіміңізді берсеңіз, сізбен әңгімелесу жүргізіледі.

Әңгімелесу барысында мынадай жәйттер: 

  1. Үміткердің ШАК (шартты ақшалай көмек) алуға құқығы;
  2. Отбасы мүшелеріне жеке мүмкіндіктеріне қарай көрсетілетін әлеуметтік қызмет түрлері;
  3. Отбасының әлеуметтік белсенділігін арттыру келісімшартына отбасының әрбір еңбекке жарамды мүшесі үшін енгізілген бейімдеу шаралары анықталады. 

5. Қатысу үшін қандай құжаттар ұсыну керек? 

  1. өтініш берушінің жеке куәлігі;
  2. отбасыңыздың құрамы туралы анықтама;
  3. тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат немесе мекен-жай анықтамасы немесе селолық округ әкімінің анықтамасы;
  4. қамқорлыққа бала алған жағдайда оны растайтын құжат (қажеттігіне қарай);
  5. жеке қосалқы шаруашылығыңыз туралы мағлұмат (қажеттігіне қарай). 

Егер Сіз атаулы әлеуметтік жәрдемақы немесе мемлекеттен балалар жәрдемақысын алатын болсаңыз, сондай-ақ, мемлекеттік ақпараттық жүйелерінен ақпарат алу мүмкін болған жағдайда, 3 және  4-тармақшаларда көрсетілген құжаттар талап етілмейді.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне немесе тұрғылықты жері бойынша әкімдікке жүгінген жағдайда Сіз мынадай құжаттарды толтырасыз: 

  1. «Өрлеу» жобасына қатысуға өтініш;
  2. отбасы және материалдық жағдайыңыз туралы сауалнама;және мынадай құжаттар тапсырасыз:
  3. отбасы құрамы туралы мәліметтер (бұл нысанды толтыру үшін отбасы мүшелері құжаттарының түпнұсқалары электрондық ақпарат жүйелерінде мағлұмат жоқ болса ғана қажет болады);
  4. жеке қосалқы шаруашылығы туралы мәлімет (бұл анықтаманы ауыл округінің әкімі толтырады). 

6. Жобаға қатысу мүмкіндігі туралы шешім қалай шығарылады?

Учаскелік комиссия отбасының материалдық-тұрмыстық жағдайы туралы тексеру актін жасайды. Алынған ақпарат негізінде «Өрлеу» жобасына қатысу мүмкіндігі жөнінде шешім қабылданып, шартты ақшалай көмектің (ШАК) көлемі анықталады.

7. Шартты ақшалай көмектің мөлшері қалай анықталады?

ШАК мөлшерін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы мен ең төмен күнкөріс деңгейінің 60% арасындағы айырма түрінде есептейді.

8. Одан кейін не істеу керек?

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қажеттігіне қарай әлеуметтік бейімдеу шараларын айқындайды. Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар және отбасының еңбекке жарамды жұмыссыз мүшелері жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын әлеуметтік келісімшарт жасау үшін жұмыспен қамту орталығына жолдама немесе басқа да жұмыспен қамту шараларына қатысуға жолдама алады.

9. Отбасы қанша уақыт жәрдемақы ала алады?

Жәрдемақы алу мерзімі 6 ай. Осы мерзім ішінде отбасы әлеуметтік белсенділігін арттыру шартын орындаған жағдайда, отбасының мұқтаждықтан арылуына мүмкіндік туады, тұрақты табыс келеді және еңбек нарығында өзін бекітеді.

10. Егер де мен жұмысқа орналассам, ол жәрдемақының көлеміне қалай әсер етеді?

Отбасының әлеуметтік белсенділігін арттыру шарты мерзімінде адам басына шаққандағы кіріс (егер де отбасыңыздың санында өзгеріс болып жатса ғана қайта қаралады) қайта қаралмайды. Яғни, Сіз жұмысқа орналассаңыз немесе басқа табыс көзін тапсаңыз да, 6 айға белгіленген жәрдемақы көлеміне ол әсер етпейді.

11. Менің күтімімде жасы ұлғайған қарт анам болса (немесе ұзақ уақытқа тастап кете алмайтын жасөспірім балаларым болса), жұмысқа қалай орналасамын?

Егер отбасы құрамында әлеуметтік белсенділігін арттыруға қатысатын талапкерден басқа, еңбекке жарамды мүшелері 3 жасқа дейінгі және 16 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі мүгедек бала,80-нен  асқан қарт, 1-2 топтағы мүгедек болса, жұмысқа орналасу міндетті шарт емес.

12.Мен шалғай ауылда тұрамын. Жобаға қалай қатыса аламын?

Ондай жағдайда ауыл, кент әкіміне жолығып, онымен немесе ассистентпен әңгімелесуден өтіп, өтінішіңізді ауыл әкіміне тапсыра аласыз. Сондай-ақ, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің жылжымалы жұмыс тобы ұйымдастырылады.

13. Ассистенттер деген кімдер?

Ассистенттер — халыққа «Өрлеу» жобасының ШАК бағдарламасы жөнінде түсіндіріп, селолық округ әкіміне жобаға қатысу туралы өтініш білдірген азаматтарға, отбасы мүшелеріне консультация мен әңгімелесу жүргізетін мамандар. Олар сонымен бірге отбасына әлеуметтік шартты жәрдем алу кезінде көмек көрсетіп, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне шарттың орындалу барысы жөнінде есеп беріп отырады.

14. Мен арнайы әлеуметтік жәрдемақы аламын. Алайда жақсы жұмыс табамын немесе оқуға түсе аламын деп айта алмаймын. Сонда мен арнайы жәрдемақы алу құқығынан айырыламын ба?

Отбасының «Өрлеу» бағдарламасына қатысуы өз еркінде. Сіз жобаға қатысудан бас тартып одан әрі де арнайы жәрдемақыңызды ала бересіз. Ондай жағдайда арнайы жәрдемақыны отбасының әр мүшесіне шаққан табыс көзі мен күнкөріс мөлшерінің 40 пайыз аралығындағы айырмашылық көлемінде ғана аласыз.

«Өрлеу» жобасына қатысу ерікті түрде жүргізіледі, сол себепті де арнайы жәрдемақы алушылардың таңдауы бар: қолданыстағы заңнамаға сәйкес ең төмен күнкөріс деңгейінің 40 пайызы шегінде жәрдемақы алуды жалғастыруға (отбасының жан басына шаққандағы табысына байланысты);

отбасының белсенділігін арттыру жөніндегі әлеуметтік келісімшарт аясында «өзара міндеттемелерді» қабылдауға келісіп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызына дейін (отбасының жан басына шаққандағы табысына байланысты) жоғары мөлшердегі жәрдемақы алу құқығын таңдай алады.

15. Менің жобаға қатысқым келеді. Істі неден бастайын?

Алдымен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне немесе ауылдық жерде тұратын болсаңыз, тұрғылықты жеріңіздегі ауыл әкіміне жолығасыз. Сізге әңгімелесуге уақыт белгіленеді. Одан соң арнайы үлгідегі өтініш жазып, отбасыңыздың және материалдық жағдайыңыз туралы сауалнаманы толтырасыз, қажетті құжаттарды өткізесіз.